Қазақстанда ет кластері дамытылуда

Қазақстанда ет кластері дамытылуда

Қазақстанда ет кластері дамытылуда. Сарапшылардың айтуынша, бұл үрдіс өте сәтті жүргізіліп отыр. Былтыр Қостанай облысының фермерлері 1,5 мың тоннаға жуық ет экспорттады. Бұдан бөлек олар шет елден 2 мыңға жуық асыл тұқымды қара әкелді. Бұған түрлі мемлекеттік бағдарламалар сеп болған.

ТӨЛЕУТАЙ ЕРЖАНОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Облыс бойынша 80 мың асыл тұқымды мал бар. Оның ішінде 30 мыңы – аналық. Асыл тұқымды малмен 24 шаруашылық айналысады.Олар өсірген төлдерін сыртта және облыс ішінде сатады.

Жамбыл облысындағы Қордай ауылында ет өңдейтін кәсіпорын отандық нарықта ғана емес, шет елде де сұранысқа ие. Жылдық өнімділігі – 6,5 мың тонна. Кәсіпорынға небары 1 жылдан ғана асты.

ГҮЛМИРА ӘБДІЖАПАРОВА, КӘСІПОРЫН ТЕХНОЛОГЫ:

 - Егер 80 бас ірі қара болса, тәулігіне 150 бас өндіре аламыз. Ең алдымен, біз қауіпсіздік пен сапаға ерекше мән береміз. Бұл үшін бізде санитарлық бақылау қарастырылған.

АЛЕКСАНДР БАХАНЦОВ, КӘСІПОРЫННЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ:

-  Экспортталған өнім көлемі – 60 тонна. Қойлар негізінен Бахрейнге жөнелтілді. Қазіргі уақытта Қытай және Біріккен Араб Әмірліктерімен тиісті келісімдер жасалуда. Ресеймен де келіссөздер жүргізілетін болады. Жоспарымыз ауқымды деп айтуға болады.

Экспортты дамыту үшін Жамбыл облысында ірі қара санын көбейту жоспарланған. 2018 жылы көршілес елдерден 1480 бас әкелінді. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 17 есеге артық. Жаңа тұқым импорты ет экспортын арттыруға жол ашып отыр.

ЕРЛАН КҮЛКЕЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ ЖЕТЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Бұның арқасында ет экспорты артып отыр. Өткен жылы біздің 495 тонна өніміміз шетел асты. Жыл басынан бері 2200 тонна түрлі ет өнімін экспорттадық.

Отандық өндірістегі ет өнімі түрлі елдерге экспортталады. Сыртқы нарыққа шығуға ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге мемлекет қолдау көрсетеді. Жергілікті кәсіпорындардың нәтижесі осыған дәлел.