Түркияның Қазақстанға инвестициялық бағыты

Түркияның Қазақстанға инвестициялық бағыты

Қазақстан шетелдік инвесторлар үшін тартымды. Әртүрлі елдердің кәсіпкерлері әріптестік орнатуға ниет білдіріп отыр. Олардың қатарында түрік кәсіпкерлері де бар. Айта кетейік, соңғы жылдары Қазақстан инвестициялық климатты айтарлықтай жақсартқан. Осы көрсеткіш бойынша біздің еліміз бүгінгі күні Орталық Азия аймағында бірінші орынға ие. Осыған байланысты да соңғы кездері көптеген салаларда кең құлаш жайып келе жатқан түрік бизнесінің қызығушылығын тудырып отыр. Бұған қоса, Қазақстанда инвестиция салу арқылы Еуразия экономикалық одағы мен Қытай нарығына шығуға мүмкіндік туады.

МЕРТ САРЫ, ТҮРКИЯ-ҚАЗАҚСТАН ІСКЕРЛІК КЕҢЕСІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

-  Қазақстан – Орталық Азияның жарқыраған жұлдызы. Көптеген салаларда мүмкіндігі мол ел. Әсіресе, мал және ауыл шаруашылығы, химия және тау-кен өндірісі саласында инвестиция салуға ыңғайлы. Сонымен қатар 180 миллионға жуық көршілес елдердің нарығына Қазақстан арқылы қол жеткізу болады. Қазір түрік іскерлері тау- кен өндірісі  саласында инвестиция жасау үшін қызу жұмыс жүргізіп отыр.

Қос тарап арасында сенімді серіктестік орнаған. Тәуелсіздік жылдарында Түркия біздің елімізге 3 миллиардтан астам доллар инвестиция бағыттаса, өз кезегінде, Қазақстан Түркия экономикасына миллиард доллар салым жасаған. Және де бұл ынтымақтастықты одан  әрі нығайта түспек.  

ЕРЛАН ХАИРОВ, ҚР ИДМ ИНВЕСТИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

-  Түрік еліндегі қазақ инвестицияларының көлемі 1 миллиард долларды құрап отыр. Олардың басым бөлігі – қызмет саласы, текстиль мен машина жасау және тау-кен өндірісі. Елімізде қазіргі таңда 1900-дан астам түрік кәсіпорындары жұмыс істеп жатыр.

Айта кетейік, Түркия Қазақстанның негізгі сауда әріптестерінің ондығына кіреді. Ресми мәліметтерге сәйкес, өткен жылдың бірінші жартысында республикалар арасындағы тауар айналым көлемі 678 миллион доллардан асты. Қаржы салымдары да артып келеді. Бүгінгі таңда біздің елімізде түрік инвесторлары үшін барлық секторлар қызығушылық тудырып отыр. Атап айтқанда, тау-кен, металлургия, химия, жеңіл және агро өнеркәсіп, құрылыс материалдарын өндіру ошақтары басты назарда. Сонымен қатар түрік тарабына баламалы энергетика саласындағы жобаларды қолдауға да ниетті.