Қазақстан-Беларусь: Көлік тасымалы

Қазақстан-Беларусь: Көлік тасымалы

Қазақстан көлік-логистикалық саладағы әлеуетін барынша пайдалануда. Бұл бағытта Беларусь елімен ынтымақтастықтың тиімділігі мол. Қос мемлекет – контейнерлік тасымалдың халықаралық теміржол желісінің қатысушылары болғандықтан, Еуропа мен Қытай арасын жалғайтын маңызды ойыншылар саналады, дейді сарапшылар.

ГЕОРГИЙ ГРИЦ, БМУ БИЗНЕС ЖӘНЕ МЕНЕДЖМЕНТ ИНСТИТУТЫ КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

 - Қазақстан – өңірлік экономиканың орталығы ғана емес, өзге елдер үшін үлгі болып отырған мемлекет. Республиканың географиялық әрі геосаяси орналасу орны жаңа қарым-қатынастар, жаңа экономикалық байланыстар орнатуға мүмкіндік береді. Осы мүмкіндіктерді бағалай білу қажет.

Транзиттік әлеуетінің арқасында республика бүгінде көліктік хаб ретінде қалыптасып үлгерді. Ел аумағымен мыңдаған шақырымға жалғасқан 17 тікелей теміржол бағыты өтеді. Бүгінде осы салада ынтымақтасқан Қазақстан мен Беларусь контейнерлік жүк тасымалының көлемін арттыруда. Теміржол құрамдары біздің елдердің аумағымен Қытай-Еуропа және кері бағытта жүк тасымалдайды.

ВЛАДИМИР УЛАХОВИЧ, БЕЛАРУСЬ САУДА-ӨНЕРКӘСІП ПАЛАТАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Жүк тасымалдау көлемдерін арттырып, жеткізу уақытын қысқартудан бәрі ұтады: өндірушілер де, көлік-логистикалық қолдау көрсететін компаниялар да. Сол себепті алдымызда бірнеше міндет тұр, бұл – шығындарды оңтайландыру, біздің инфрақұрылымдармен өнімді ақырғы тұтынушыға жеткізуді жылдамдату, саланы модернизациялау.

Соңғы 10 жыл ішінде Қазақстан көлік саласын дамытуға 30 миллиард долларға жуық қаржы бағыттаған. Осы уақытта 2 мың километрден астам теміржол жөнделіп, 20 мың шақырымға жуық автокөлік жолдары қайта жөнделді. Сондай-ақ теңіз айлақтарының қуаттары күшейтіліп, әуежайлардың мүмкіндіктері жетілдірілді.