Ақтауда экспортқа бағдарланған жаңа өндіріс іске қосылды

Ақтауда экспортқа бағдарланған жаңа өндіріс іске қосылды

Қазақстанда шығарылған трансформаторлар алыс шет мемлекеттердің нарықтарына жеткізілетін болады. Ақтауда экспортқа бағдарланған жаңа өндіріс іске қосылды. Маңғыстау облысының индустриялық картасына енген ірі жоба жеке компанияның инвестициясы есебінен жүзеге асып отыр.

ОЛЖАС ЕСІРКЕПОВ, ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ КОМПАНИЯНЫҢ ФИЛИАЛ ДИРЕКТОРЫ:

 - Инвестиция көлемі 2 млрд теңге шамасында. Өңірдің Қазақстан-Түркменстан-Иран теміржолы бойында орналасуы және Ақтау мен Құрық теңіз порты, сондай-ақ транспорттық-логистикалық әлеуетін ескеріп, Маңғыстау облысын таңдадық.

Зауыт қазір өнімнің 40 түрін өндіреді. Кәсіпорын күніне 20, жылына 4 мың трансформаторлық подстанция шығаруға қауқарлы. Инвестициялық компания өкілдері дайын өнім көлемі экспорттық жеткізілімдерден бөлек, ішкі нарықтағы сұранысты толықтай қанағаттандыруға жететінін айтып отыр. Кәсіпорынның толық жобалық қуатына енгендегі айналымы 6 миллиард теңгені құрайды. Зауыт қондырғылары толығымен автоматтандырылған және компьютермен басқарылады.

ЖАНБОЛАТ ЕЛМҰХАМБЕТОВ, ЭЛЕКТРОМОНТАЖЕР:

-  Біздің зауытта жұмыстың бәрі автоматтандырылған және жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Біздің компания Маңғыстау облысын ноль алтылық және ондық трансформаторлармен қамтамасыз етуде.

Құрастырылатын трансформаторлардың 50 пайызын зауыт Түркменстан, Иран және Әзербайжан елдеріне экспорттамақ.