Қазақстан – қолайлы инвестициялық климат

Қазақстан – қолайлы инвестициялық климат

Қазақстан экономикалық дамуда елеулі жетістіктерге жетті. Соңғы жылдар бойы республика әлемдік рейтингтерде оң көрсеткіштермен танылып келеді. Сарапшылардың пікірінше, алдағы уақытта да мемлекеттің әл-ауқаты арта түседі. Польша сыртқы істер министрінің орынбасары Бартош Чихоцкийдің айтуынша, Қазақстан сенімді әрі тұрақты әріптес екенін дәлелдеп отыр.

БАРТОШ ЧИХОЦКИЙ, ПОЛЬША СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қазақстан – Польшаның маңызды әріптестерінің бірі. Біз екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі деңгейіне ризамыз. Сауда-экономикалық қатынастарымыздың әлеуетін жоғары бағалаймыз. Қос мемлекеттің де экономикалары қарқынды дамып келеді. Польша – Орталық Еуропада, ал Қазақстан – Орталық Азияда көшбасшы. Тарихи байланыстарымыз да бар. Қазір Қазақстанда 30 мың поляк өмір сүріп жатыр. Ал Польшада білім алып жатқан қаншама қазақстандық бар. Сол себепті екі елдің қарым-қатынастарын стратегиялық маңызды әрі уақыт сынынан өткен деп санаймын. 

Ал Германия кәсіпкерлері болса, Қазақстандағы қолайлы инвестициялық климатты жоғары бағалайды. Олардың айтуынша, инвесторларды ең алдымен елдегі тұрақтылық, сондай-ақ жеңілдіктер мен преференациялар түріндегі қолайлы жағдайлар қызықтырады. «Либералды орта бизнес» Берлин бірлестігінің төрағасы Кристиан Гроссенің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 900-ден аса неміс кәсіпорын жұмыс істейді. Алдағы уақытта бұл сан арта түсуі әбден мүмкін.

КРИСТИАН ГРОССЕ, ЛИБЕРАЛДЫ ОРТА БИЗНЕС» БЕРЛИН БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Қазақстан – әлемнің үздік тәжірибесін зерттеп, сәтті пайдаланып отырған табысты, тұрақты және экономикалық дамыған мемлекет. Елордада «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылуы Қазақстанды осы салада жаңа деңгейге көтереді. Жалпы Германия үшін Қазақстан аса қызықты, ірі бизнес үшін ғана емес, шағын және орта бизнес үшін де. Германияда шағын кәсіпкерлік жақсы дамыған, және компаниялардың көбі Қазақстанда жұмыс істегісі келеді. Германияның медицина, дигитализация, жаңа технологиялар салаларында тәжірибесі мол. Осы бағыттарда ынтымақтастықты дамыту қажет деп ойлаймын.