Қазақстандық мақсары майының экспорты

Қазақстандық мақсары майының экспорты

Қазақстандық тауарларға сыртқы нарықтарда сұраныс жоғары. Шетелдік тұтынушылардың көңілінен шыққан өнімдердің бірі – мақсары майы. Бүгінде оны өндіруші Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы зауыт экспортқа жұмыс істей бастады. Биыл кәсіпорын Қытай, Бельгия мемлекеттеріне 1200 тонна таза мақсары мен 40 тонна май жөнелтті. Жалпы, өндіріс орны жылына 5 мың тоннаға дейін. Май сығып шығаруға қауқарлы. Мұнда 100 пайыз экологиялық таза өнім өндіріледі. Қазір отандық өнімге сұраныс артып отыр.

ПЕРУЗА ОРТАЕВА, КӘСІПКЕР:

 - Биылғы жинаған мақсары аздау болды. Дегенмен 2 мың тоннадай жинап сол мақсарыны өндіріп отырмыз. 800 тоннаны өзімізге қалдырып, май сығып жатырмыз. Шамамен 40 тоннадай Қытайға жіберетін жоспар жасап отырмыз.

Қазақстандық сиыр және қой еті де шетел нарықтарында жоғары сұранысқа ие. Батыс Қазақстан облысының кәсіпорындары қазірдің өзінде 3 мың тоннадай ет экспорттады. Мұздатылған ет өнімдері Ресейге, Арменияға, Иранға және Тәжікстанға жөнелтіледі. Соңғы 4 жылда 8 мыңға жуық сиыр мен 720 тонна қой еті экспортталды. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасындағылардың айтуынша, жақын арада жергілікті өнімдерді экспорттаушылар тізімі кеңейтіледі.  Бүгінде 11 бордақылау алаңынан ет өнімдері сыртқа жеткізіледі.

НҰРГҮЛ МҰҚАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

-  Cырым ауданында сыйымдылығы мың басқа арналған бордақылау алаңы іске қосылды және Зеленов ауданында сыйымдылығы 3 және 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңдарын салу жоспарланып отыр. 2019 жылдың сәуір айында Казталов ауданында 5 мың басқа арналған бордақылау алаңын бастау жоспарланды.

2021 жылы Қазақстан ауылшаруашылық өнімдерінің экспортын 1,5 миллиард долларға жеткізуді жоспарлап отыр.