Қазақстан мен Сербия арасындағы тауар айналым көлемі 6 есеге артады

Қазақстан мен Сербия арасындағы тауар айналым көлемі 6 есеге артады

Қазақстан мен Сербия арасындағы алдағы екі жылда алыс-беріс көлемі 6 есеге артады. Екі ел ауылшарушылығы саласына басымдық беруді көздейді. Бірінші кезекте, қос тарап жеміс-көкөніс саудасын күшейтіп, шикізатты өңдеуді жолға қою жоспарлап отыр. Сондықтан жуырда ортақ өндірістің нәтижесі ретінде Қазақстанның дүкен сөрелерінен тосап, шырын мен тәттілердің кездесіп қалуы ғажап емес. Сонымен қатар қос елде саудаланатын тауарлар тізімін толықтыру көзделіп отыр.

ЖЕЛЬКО ЙЕВРИЧ, ЭКОНОМИСТ:

 - Әуелі туризм, сауда мен құрылыс саласындағы байланысты күшейтуге болады. Қазақстан мен Сербия елі сияқты құрылыс саласын қарқынды түрде дамытып жатыр. Қазақстанда Сербияның бірнеше компаниясы жұмыс жасауда. Мысалы, Тесла-парк тұрғын үй кешенінің құрылысын сербиялық компания жүргізіп жатыр.

2018 жылы Қазақстан мен Сербия арасындағы сауда айналымы 60 пайызға өсіп, оның жалпы сомасы 42 миллион долларды құрады. Алайда тараптар мұнымен шектелмек емес. Алға белгіленген жоспар ауқымды. Жемісті әріптестік үшін алғышарттар жеткілікті.

ЖИВОРАД ЯНКОВИЧ, ҚАРЖЫЛЫҚ САРАПШЫ:

 - Сербия Қазақстанның ауқымды әрі тұрақты нарығына қызығушылық білдіруде. Оның үстіне, бұл бағыттағы бірлескен жұмыс Батыс еуропалықтармен салыстырғанда анағұрлым нәтижелі болады деп санаймыз. Себебі Қазақстанның әлеуеті зор деп білеміз.

Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты әскери өндіріс саласында өрбімек. Сондай-ақ ресми Белград қазақстандық нарыққа тауарларын кедендік салықсыз өткізуге рұқсат алуды көздеп отыр. Осылайша, Сербия Қазақстан арқылы Еуразиялық экономикалық одақ нарығына бірнеше тауар түрін жеткізуді қалайды. Және де Қазақстанға арнайы квотамен 5 мың көлікті жеткізуге ниет білдіріп отыр.