Дәрумендерге бай ұн өндірісі

Дәрумендерге бай ұн өндірісі

Қазақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу ғылыми-зерттеу институтының мамандары дәрумендермен байытылған жаңа ұн түрлерін шығаруды қолға алды. Отандық өнім пайдалы заттарға бай. Бүгінде крахмал және құрғақ кілегей экспорт нарығында жоғары сұранысқа ие. Сол себепті елімізде бидайды терең өңдеуге ерекше назар аударылады. Осы бағытта бірнеше кәсіпорын жұмыс істейді.

МАРЖАН ҚИЗАТОВА, АҒА ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕР:

-  Қазіргі нарықты бағалай және салыстыра келе арнайы ұнның жоқтығын біз байқадық. Осыған байланысты қант диабетімен, инсулин тапшылығымен ауыратын адамдарға арнайыландырылған ұнды дайындауға кірістік.

Ғылыми қызметкер Маржан Қизатова айтып отырған ұн – жасымық, нұқат, бұршақ және үрмебұршақтан жасалады. Олардың құрамы ақуызға өте бай. Ел намысын түрлі додаларда қорғап жүрген спортшылар мен қант диабетіне шалдыққан адамдар үшін осындай ұннан жасалған өнімдердің пайдасы мол дейді маман.

ЖАНАР ЧАКАНОВА, ӨСІМДІК ШИКІЗАТЫН БАСТАПҚЫ ӨҢДЕУ ЛАБОРАТОРИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Өңделген ұнда пайдалы дәрумендер өте көп. Яғни ұн өнімдерінің ақуыз және тағамдық құндылығы жоғары. Біздің жоба арқылы тұтынушыларға сапалы, минералдық заттарға бай әрі қолжетімді өнімдерді ұсына аламыз.

Зерттеу жұмыстарының басталғанына 1 жыл болды. Осы аралықта 4 астық түрінен 8 жарма түрі алынды. Мамандар әлі шамамен 2 жыл бойы зерттеу жүргізу қажет дейді. Содан кейін жоба қорытындысы кәсіпорындарға таныстырылып, жүзеге асырылады.