Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы ірімшік зауыты экспорт көлемін екі есеге ұлғайтты

Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы ірімшік зауыты экспорт көлемін екі есеге ұлғайтты

Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы ірімшік зауыты экспорт көлемін екі есеге ұлғайтты. Отандық өнімге Ресейде сұраныс жоғары. Қазір өнімнің 25 пайызын осы көрші елдің нарығына шығарып жатыр. Кәсіпорында шикізат ультра пастерлеуден өтеді. Яғни сүтті жоғары температураға дейін қыздырады да бірден салқындатады. Мұндай технология сүтті бактериялардан тазартып,  пайдалы қасиеттері сақталады. 2018 жылдың басынан бері зауытта 9 миллион литр сүт қабылданып, 820 тонна ірімшік әзірленген. Оның 280 тоннасы Ресейдің нарығына жөнелтілді.

ЕЛДОС ӘУЕСХАН, ОПЕРАТОР:

-  Сепаратордан майлылығын тексереді. Сосын ваннаға жібереді. Тұздың ішінде 3 тоннаға дейін сыр бар. Бұл – концентраттандырылған арнайы тұз. Кемінде екі күн тұру керек. Екі күннен аз болса дәмі бұзылады. Арнайы аудандық мөрмен вакуумға жібереміз.

Бүгінде зауыт қуаттылығын арттыратын және сапалы өнім шығаруға негіз болатын заманауи әрі озық қондырғылармен жабдықталған. Осының арқасында өндірілген өнім көлемі де артып отыр. Кәсіпорынның тәулігіне 100 тонна сүт өңдейтін қауқары бар. Жалпы мұнда 3 түрлі өнім шығарылады. Биыл ірімшіктен бөлек, 140 тонна сары май, 4 мың литр сүт дайындалған.

ӘБДІБЕК ПОШҚАЕВ, КӘСІПОРЫН ДИРЕКТОРЫ:

-  2019 жылы жоспар құрылды. Өнімімізді тағы 25-30 пайызға ұлғайтсақ деп отырмыз. Оның ішінде экспортты 40 пайыз көтереміз. Қалған өнімді осы өзіміздің ішкі нарыққа жұмсаймыз. Соңғы 3 жылда қондырғыларды жаңалап отырмыз. 2018 жылы 120 миллион теңгеге қондырғы алынып жатыр.

Жуалы ауданында екі кәсіпорын шетелдермен келісімшарт негізінде жұмыс істеп жатыр. Олар бүгінгі күнге дейін Ресей, Бельгия, Қытай мемлекеттерінің нарығына 350 миллион теңгенің тауарын жөнелткен.