Қазақстанның автокөлік өнеркәсібі өндіріс көлемін арттыруда

Қазақстанның автокөлік өнеркәсібі өндіріс көлемін арттыруда

Қазақстанның автокөлік өнеркәсібі өндіріс көлемін арттыруда. 2018 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша, елімізде жалпы сомасы 185 млрд теңге болатын 29 мыңнан астам көлік шығарылған. Олардың арасында жеңіл және жүк көліктері, автобустар, арнайы техника және тіркемелер бар. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, өсім 72 пайызды құрап отыр. Мысалы, 2018 жылдың басынан бері Қостанайдағы автокөлік зауыты 9 мыңнан астам темір тұлпар шығарды. Өндіріс көлемінің ұлғаюына модельдер санының артуы және жаңа көлік түрлерін барынша игеру ықпал етті. Сондай-ақ қазіргі заманғы технологиялар мен жабдықтарды пайдалану арқасында да бұл көрсеткіш ұлғайған.

ОЛЕГ КОМИССАРОВ, ШАҒЫН ТОРАПТЫ ҚҰРАСТЫРУ ЦЕХЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

-  Тағы қосымша аспалы конвейерді іске қостық. Бұл қазір өзіміз шығарып жатқан қаңқасыз модельдерді құрастыруға мүмкіндік берді. Бір сөзбен айтқанда желі әмбебап боп шыға келді. Көліктерді шанағымен және шанақсыз түрлерін жинай алады. Сағатына 6 темір тұлпар құрастыратын қуаттылығы бар.

Сонымен қатар кәсіпорын баламалы отынмен жұмыс істейтін автокөліктерді де шығарады. Газбен жүретін қоғамдық көліктің алғашқы партиясы Қазақстанның бірнеше қаласына жіберіліп те үлгерді.

СЕРГЕЙ МОГИЛАТОВ, АВТОЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Облыс орталықтары газбен қозғалатын қоғамдық көліктерге қызығушылық танытуда. Ақтөбе қаласына 70 автобус жібердік. Одан қалды Ақтаудағы әуежай мен қаланы байланыстыратын 5 автобус жолаушылар тасымалдап жүр.

Сарапшылар өндіріс көлемінің одан әрі артуы қазақстандық автокөлік өнеркәсібіне әлемдік нарықта лайықты орнын иеленуге мүмкіндік береді деп есептейді. Негізгі тұтынушылар – Тәжікстан және Еуразиялық экономикалық одақтың мемлекеттері. Бүгінгі таңда кәсіпорынның экспорттық әлеуеті былтырғыға қарағанда 4 есеге өскен. Шетелге 840 миллион теңгенің темір тұлпары жөнелтілді.