Француз компаниялары 2018 жылы Қазақстанға жарты млрд еуро инвестиция құйған

Француз компаниялары 2018 жылы Қазақстанға жарты млрд еуро инвестиция құйған

Жарты млрд еуро. Француз компанияларының 2018 жылы Қазақстан экономикасына осы көлемде инвестиция құйған. Бесінші Республика – еліміздің басты экономикалық әріптестерінің бірі.  Сондай-ақ стратегиялық маңызды серіктес әріптестікті одан әрі жалғастыруды көздейді. Тараптар ынтымақтастықты, атап айтқанда ауыл шаруашылығы, цифрлық технологиялар және альтернативті энергетика сияқты негізгі салаларда одан әрі дамытуға ниетті. Бұл туралы Францияның Ренн қаласында өткен іскерлік кездесуде айтылды.

ВЕНСАН ШАМАРЕ, БРЕТАНЬ АЙМАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САУДА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

-  Елдеріңіздегі қазіргі жағдайды саралап, ауылшаруашылық саласында әріптестік орнатқымыз келетінін түсіндік. Бретань – осы салаға ден берген аймақ. Нақтырақ айтқанда, мал шаруашылығы, тұқымды асылдандыру, азық-түлік өнімдерін өндіруге қатысты жобалардың іске асуы жолға қойылған.

Жалпы жиыннан кейін, француз бизнемендерімен жеке-жеке кездесулер өтті. Ең ірі деген 10 компанияның өкілдері өз бизнес-ұсыныстарын таныстырды. Әрі Қазақстанда кәсіп жүргізудің қыр-сырына қанық болды.

ЖАН ҒАЛИЕВ, ҚР ФРАНЦИЯДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

-  Француз компаниялары жай ғана мәлімет алып қана қоймай, Қазақстанға инвестиция құюға әзірлігін де білдірді. Яғни жаңа технологияларымен бөлісіп, әріптестіктің барлық кезеңінде жәрдемдесуге дайын. Бұл – өте маңызды сәттердің бірі. Осылайша, стратегиялық ынтымақтастықтың жаңа тарауы басталды деуге толық негіз бар. Мұндағы біздің басты міндетіміз – сенімді серіктестерді таба білу болып табылады.

Аймақтық деңгейде жүргізілген жұмыстың нәтижесінде әріптестерді табу қиынға соқпады. Сондықтан келер жылы Ренн қаласында қазақ-француз бизнес-форумын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Шара ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіптің жаңа технологиялары тақырыбына арналмақ. Ал франциялық азық-түлік өндірушілері форумнан кейін Қазақстанға сапар шегіп, отандық компаниялармен жақынырақ танысуға ниеттеніп отыр.