Қазақстандық ет пен бал – Қытай нарығында

Қазақстандық ет пен бал – Қытай нарығында

Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыс нығайып келеді. Бүгінгі таңда ет және ет өнімдері Қытайда үлкен сұранысқа ие. Қарағандылық фермерлер аспан асты еліне қой етінің екінші партиясын жөнелткелі жатыр. Осыған дейін Қытайға 20 тонна мұздатылған қой еті теміржол арқылы жіберілген болатын. Құны – шамамен 20 миллион теңге. Енді келісім-шарт бойынша жыл соңына дейін 40 мың бас ұсақ мал көрші елге экспортталуы тиіс. Отандық ет өңдеу зауытының мамандарының айтуынша, тауарлардың еуропалық стандарттарға сәйкестігі және өнімді өнеркәсіптік ауқымда экспорттау мүмкіндігі Қытай тарапының негізгі талаптарына сай келеді.

Сонымен қатар бүгінгі таңда қазақстандық өндірушілер мұздатылған қой етін сыртқы нарыққа экспорттауды 4 еседен астамға жоғарылатқан. 2016 жылы біздің елден тек 190 тонна ет жөнелтілсе, 2017 жылы бұл көрсеткіш 900 тоннаға жеткен.

Сондай-ақ қазақстандық бал Қытайда да танымал. 35 млн адамнан асатын Шэньси провинциясының кәсіпкерлері Қазақстаннан бал араларының алғашқы легін сатып алды. Айта кетейік, біздің еліміз жылына шамамен 10 мың тонна бал өндіреді. Болашақта бұл көлемді 7 есеге дейін арттыру жоспарланып отыр.

ХЭ ЧЭН, ШЭНЬСИ ПРОВИНЦИЯСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БАС ӨКІЛІ:

 - Қазақстан – тек пайдалы қазбаларға ғана емес, табиғи азық-түлікке де бай ел. Ондай таза өнімге қытайлықтардың көбі мұқтаж. Мәселен, табиғи ара балының дәмі керемет. Біздің нарықта оған деген сұраныс басым. Оны өзімізге тасымалдау үшін 2-3 жылдай тер төктік. Биыл Шымкент қаласы республикалық мәртебе алды.

Алдағы 2 жылда Қазақстан Қытайға 20-дан астам ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайды. Бұл ет ғана емес, сонымен қатар рапс, сафлор, қарақұмық, бұршақ, ноқат, күнжіт, көкөністер мен жемістердің кейбір түрлері, жаңғақ пен пісте және басқа өнімдер бар.