Қазақстан-Иран қатынасы

Қазақстан-Иран қатынасы

Қазақстан мен Иран арасындағы диалог жүйелі түрде дамып келеді. Бүгінде екі арада басты мәселелер бойынша өзара түсіністік бар, ынтымақтастықты дамытудың бағыттары да жетерлік, дейді сарапшылар. Тараптар, әсіресе, сауда-экономикалық саладағы серіктестікті нығайтуға басымдық беріп келеді. Өзара ықпалдастықтың тағы бір маңызды бағыттары – транзиттік-логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында ынтымақтастықты тереңдету болып отыр. Ресми мәліметке сәйкес, 2017 жылы Астана Тегеранға 170 миллион доллардың өнімдерін экспорттаған. Ал биылғы жылдың соңғы 6 айы ішінде Қазақстан Иран нарығына 112 миллион доллардың тауарларын жеткізген. Яғни өсім елеулі. Ел кәсіпкерлері негізінен майлы дақылдар мен одан өндірілген өнімдерді, сонымен қатар дәнді-бұршақ пен жемшөп экспорттаған.

АМИР АБЕДИ, ИРАН-ҚАЗАҚСТАН САУДА ПАЛАТАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

-  Соңғы жылдары Қазақстан мен Иран арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Тегеранға жасаған соңғы сапары – осының айғағы. Қазақстанда Иран инвесторларының қатысуымен бірқатар жоба жүзеге асып жатыр. Жалпы бізді Қазақстан нарығы өте қызықтырады. 

Жуырда ресми Тегеран Еуразиялық экономикалық одақпен арнайы келісім бекітіп, еркін сауда аймағын құруға мүмкіндік алған. Иран нарығының сыйымдылығы 8 миллиард долларды құрайды. Еуразиялық одақпен келісім Қазақстанға экспортты бір емес, 30 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Еліміз болашақта бұл Ислам Республикасының нарығына кондитерлік бұйымдар, ет, бұршақты дақылдар, конденсаторлар, аккумулятор мен арматура тасымалдауды жоспарлап отыр.