Қазақстан-Беларусь ынтымағы

Қазақстан-Беларусь ынтымағы

Қазақстан мен Беларусь алыс-берісті еселеп арттырады. Алдағы жылы қос тарап екіжақты тауар айналымының көлемін 1 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр. Қазақстанның Беларусьтегі елшісі Ермұхамет Ертісбаевтың айтуынша, тараптар арасындағы серіктестік көбінесе құрылыс материалдары, машина жасау мен металлургия, фармацевтика, химиялық және азық-түлік өнеркәсіп саласында дамыған. Өткен жылдың өзінде екі ел арасындағы сыртқы сауда айналымы 65 пайызға дейін өскен.

ЕРМҰХАМЕТ ЕРТІСБАЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ БЕЛАРУСЬТЕГІ ЕЛШІСІ:

-  Үкіметаралық комиссияда маңызды шешім қабылданды. Импортты алмастыру негізінде Беларусь елінде Қазақстанның 60 түрлі тауарына жаңа нарық ашылады. Жуырда президенттің тапсыры бойынша, Минскіде қазақ мәдениетінің күндері өтті. Келген қонақтарды Н. Тілендиев атындағы мемлекеттік симфониялық және фольклорлы-этнографиялық оркестр өз өнерімен таңдай қақтырды. Сол кезде Беларусь жұрты қазақ мәдениетіне ғана емес, жалпы Қазақстанға қызығушлықтары жоғары екендіктерін байқатты.

Қазақстан мен Беларусь елінің өнеркәсіптік кооперация, көлік-логистикалық сектор, агроөнеркәсіп кешені және тағы басқа салаларда бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндіктері мол.

АНДРЕЙ ЕВДОЧЕНКО, БЕЛАРУСЬ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Таяуда ғана қазақстандық әріптестерімізбен экономикалық ынтымақтастық тұрғысында бірнеше жобаларды қолға алдық. Енді өнеркәсіптік және ауылшаруашылық кооперациясын, сондай-ақ IT-индустриясын дамытуға ниет білдіріп отырмыз.

Бүгінде Қазақстанда 260 Беларусь кәсіпорны жұмыс істейді. Ал соңғы 6 жыл ішінде Қытай мен Еуропа арасында Қазақстан мен Беларусь аумақтары арқылы транзиттік жүк тасымалы 100 есеге артқан. Бұл – екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті мол бағыттарының бірі.