Қостанай облысындағы диірмен Қытайға ұн экспорттауға ниетті

Қостанай облысындағы диірмен Қытайға ұн экспорттауға ниетті

Орталық Азияда теңдесі жоқ диірмен Қостанай облысында орналасқан. Өндіріс орны ең озық жабдықтармен жабдықталып, автоматтандырылған. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 155 мың тонна ұн шығаруға жетерлік. Бүгінгі таңда диірмен Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қырғызстан және Әзербайжан елдеріне экспорттық жеткізілімдер жасап отыр. Кәсіпорын мұнымен шектелмей, аспан асты елінің нарығын игеруді көздейді.

ОЛЕГ КУРТВАПОВ, КӘСІПОРЫННЫҢ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

 - Диірменнің Қазақстанда, Ресейде, тіпті Орталық Азияда, кешеннің жобалық нұсқасы жасалған Түркия елінде баламасы, теңдесі  жоқ.

ВИДАДИЙ ЮСУПОВ, ДИІРМЕН КЕШЕНІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:  

-  Біз Қытай нарығына жол аштық.  Қазір контейнерлерге алғашқы жүктемелерді тиедік. Алдағы уақытта Қытайға алғашқы 20 мың тонна өнім жөнелтеміз.

Кәсіпорындағы дайын өнімді ораудан бастап бүкіл өндіріс циклі автоматтандырылған. Технологиялық үрдістің цифрландырылуы әлемнің кез келген жерінен өнімді басқаруға мүмкіндік береді. Сізге тек қана интернет желісі ғана қажет. Мысалы, ұнның өнімділігі мен өңделген астықтың мөлшерін онлайн жүйеде көре аласыз.

ТИМУР МҰҚАШЕВ, КӘСІПОРЫННЫҢ ӨНДІРІСТІК ЦЕХ МЕҢГЕРУШІСІ:

 - Автоматтандырылған технологиялардың арқасында ұнның түр-түрін шығаруға мүмкіндігіміз бар. Кондитерлік, макарон өнімдеріне арналған түрлерін шығаруға қауқарлымыз.

Қазақстандағы ең ірі диірмен кешені шетелдік капиталдың қатысуымен іске қосылған. Жобаны жүзеге асыруға 5 млрд теңге қаржы құйылған.

НИХАТ ЖАН, ИНВЕСТОР /ТҮРКИЯ/:

Бізге Қазақстандағы осындай кәсіпорындардың құрылысына инвестиция салу тиімді. Елде қолайлы жағдай жасалған. Бізге жер бөлінді, инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ, салықтың жартысын төлейміз. Банктен алған несие процентінің жартысын мемлекет өтейді.

Қостанай облысында жылына 1 миллион тоннадан астам ұн шығарылады. Бүгінде жоғары технологиялық диірмен кешені бұл көлемді 16%-ға арттырып отыр.