Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы

Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы

Қазақстан инвестициялық ахуалын жақсартуда. Макроэкономикалық тұрақтылық, жеңілдіктер, дамыған инфрақұрылым мен көлік жүйесі шетелдік бизнестің қызығушылығын тудырып отыр. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен әріптестіктің орнауы елдегі инвестициялық процестердің күшеюіне жол ашады. Гарвард университетінің Орталық Азия тарихы, заманауи сыртқы және ішкі саяси процестерді зерттеу бағдарламасының жетекшісі Наргис Касенова осындай пікірде.

НАРГИС КАСЕНОВА, САЯСИ ҒЫЛЫМДАР ДОКТОРЫ:

 - Қазақстан үлкен мемлекет, экономикасы дамып келеді. Біздің елдің геостратегиялық ахуалы инвесторларды қызықтырып отыр. Менің ойымша, Еуропа экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен әріптестік орнатуымыз аса маңызды. Ол бізге алға жылжуымызға көмек береді деп ойлаймын.   

Аймақтар да өздерінің инвестициялық тартымдылығын арттыруда. Ақтөбе өңірі солардың қатарында. Әлеуетті инвесторлардың айтуынша, өңір пайдалы қазбаларға бай. Мұнымен қоса, өнеркәсіп дамыған, логистика үшін жақсы мүмкіндіктер бар.

ПАСКУАЛЕ Д’АВИНО, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ИТАЛИЯ ЕЛШІСІ:

 - Екіжақты әріптестігіміз жемісті болады деп сенеміз. Біз озық технологияларды тартуға дайынбыз. Сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру кезінде жергілікті үлестің сақталуына мән беретін боламыз.

Шетелдік кәсіпкерлер елдің оңтүстігінің де әлеуеті зор деп отыр. Олар Шымкенттегі бірқатар ірі жобаға инвестиция бағыттауға ниет білдірді. Тоқыма фабрикасы, әкімшілік ғимараттар мен Шымкент-сити аумағындағы жаңа саябақ құрылысы солардың қатарында.

ҒАБИДУЛЛА ӘБДІРАХЫМОВ, ШЫМКЕНТ ӘКІМІ:

 - Жыл басынан бері қаланың негізгі капиталына 524 млрд теңге инвестиция түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге артық болып отыр. Қазір біздің инвестиция тарту бойынша бірінші орында екендігімізді атап өткім келеді.

Экономиканы әртараптандырып, негізгі салаларды дамыту бойынша ауқымды жоспарларды жүзеге асыру үшін стратегиялық серіктестер қажет, дейді сарапшылар. Демек, өз істерінде заманауи технологияларды қолданатын шетелдік инвесторларды тартуға басымдық беріледі. Ол үшін еліміз нормативтік-құқықтық ортаны жетілдіріп, инфрақұрылым мен қолдау шараларын дамытуда. Бұл тұста айтарлықтай жетістіктер бар екенін атап өткен жөн. Қазақстанның Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингінде 28-ші орынға ие болуы осыған дәлел.