Қазақстан мен Норвегияның өзара тауар айналымы 8 айда 33 млн доллардан асты

Қазақстан мен Норвегияның өзара тауар айналымы 8 айда 33 млн доллардан асты

Қазақстан мен Норвегия екіжақты ынтымақтастықтың 1 жылғы қорытындысын жариялады. 8 ай ішінде өзара тауар айналымы 33 млн доллардан асты. Бүгінде Қазақстанда 35-тен астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Тараптар атап өткендей, өзара ынтымақтастық өте жемісті болды. Сауда және инвестиция салаларындағы әріптестік, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстар айтарлықтай еселене түскен.

ИЛЬЯС ОМАРОВ, ҚР-НЫҢ НОРВЕГИЯДАҒЫ УАҚЫТША СЕНІМДІ ӨКІЛІ:

 - Қазақстан мен Норвегияның саяси, экономикалық, сауда және инвестиция саласындағы байланыстары табысты дамып, нығайып келеді. Биыл жергілікті тұрғындар қазақ мәдениеті мен тарихына баса назар аудара бастады деуге болады. Тағы бір айта кетерлігі, келесі жылы қазақ жеріне барып, еліміздің төл тарихымен танысып, әсем жерлерін аралап қайтуға ниет білдіріп отырған норвегиялықтар көп.

Норвегия халқы Қазақстанның Ұлы Жібек жолын жаңғыртуға қатысты бастамаларына қызығушылық танытады. Әлем елдерін түрлі салада байланыстыратын бұл жобаның болашағы зор.

КРИСТИАН КЛЕММЕТСЕН, ЛОГИСТИКАЛЫҚ КОМПАНИЯНЫҢ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біздің темір жол арқылы жеткізілетін контейнерлеріміз Еуропадан Орталық Азияға тауар тасымалдайды. Қазақстан аумағымен жүк тасуға қызығушылық танытамыз. Өйткені теңіз және әуе тасымалына қарағанда арзанға түседі.

Бұдан бөлек, саясаттанушылар Қазақстанның ядролық қаруға қарсы бастамаларын жоғары бағалайды. Сол себепті де, норвегиялықтар елбасы ұсынған «Атом» жобасына қолдау білдіріп, ядролық қаруды тараптау бойынша петицияға қол қойған. Сонымен бірге норвегиялықтардың дінаралық келісім жөніндегі ойлары да қазақстандықтармен бір жерден шығады.

ИНГРИД РОЗЕНДОРФ, ДІНИ ҰЙЫМДАРМЕН ӘРІПТЕСТІК ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕС БАСШЫСЫ:

 - Мен әлем дін басшыларының Астанадағы съезіне қатысқанмын. Айтарым, Үкіметтеріңіз бен елбасыларыңыз дінаралық келісімді барынша насихаттап келеді. Біздің ел де осы мәселеге баса мән береді. Казақстан – көпұлтты мемлекет. Бір елде бірнеше діннің болуы азаматтық қоғамның алға жылжуына септігін тигізеді. Жаһандық деңгейде де Қазақстан дінаралық әріптестікті нығайтуға үндейді. Бұл бір құптарлық іс дер едім.

Шара кезінде халықаралық «Сән мен сахна» фестивалінің дизайнерлері қазақтың ұлттық киім үлгілерін көпшілік назарына ұсынды. Бір қызығы, қазақи ою-өрнектер мен викингтердің ұлттық киіміндегі безендірулерде ұқсастық бар. Норвегиялықтар осыған таң-тамаша болды. Кездесуде ұсынылған суреттерде көрсетілген Ұлы Дала гүлінің сұлулығы мен әсемдігі оларды қызықтырды. Көптеген норвегиялықтар келесі жылы Қазақстанға келуге ниет білдірді. Яғни алдағы уақытта да екіжақты ынтымақтастық одан әрі нығая түседі.