Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық ынтымақтастық

Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық ынтымақтастық

Қазақстан мен Германия экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда. Германияның жетекші компаниялары қазақстандық серіктестерімен тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, жаңартылған энергия көздері және технологиялар трансферті сияқты салаларда ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге келді. Уағдаластыққа Берлинде өткен Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия іскер кеңесінде қол жеткізілді. Басқосуда қазіргі атқарылып жатқан жобалар мен келешек жоспарлар да талқыланды. Ал ресми дерекке сүйенетін болсақ,  соңғы 4 жылда қос тарап құны 2 миллиард еуро болатын 20 келісімге қол қойған. 

БОЛАТ НҮСІПОВ, ҚР-НЫҢ ГЕРМАНИЯДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Германия біздің мемлекеттің Еуропадағы стратегиялық серіктесі болса,  Қазақстан – Германия Федеративтік Республикасының Орталық Азиядағы стартегиялық әріптесі. Бүгінде екі ел арасында тығыз экономикалық қарым-қатынас орнаған. Іскер Кеңес сауда-экономикалық қатынастың маңызды институты. Іскер Кеңес 2010 жылы канцлер Ангела Меркельдің Қазақстан Республикасының астанасына сапары кезінде құрылған болатын. Содан бері кеңестің 10 отырысы өтті.

ЛӘЗЗАТ РАМАЗАНОВА, «АТАМЕКЕН» ҰКП ПРЕЗИДИУМЫ ТӨРАҒАСЫ ХАТШЫЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Күн тәртібіндегі өзекті мәселелер Кеңестің отырысында талқыға салынды. Атап айтар болсақ, бұл – іске асырылып жатқан 24 жоба. Осы 24 жобаның қазіргі таңда 5-і сәтті жүзеге асырылып, 11-і іске қосылды. Осы ретте неміс тарапының тең төрағасы Тилс мырзаның айтуынша, Германия Федеративтік Республикасы бүгінгі таңда бар назарын Орталық Азия мен Қазақстан Республикасына бұрып отыр. Қос тарап та екі ел арасындағы бірлескен бизнес жобаларды жүзеге асырудың мүмкіндігі мол екенін айтып отыр.