2019 жылы Еуразиялық интеграцияға 25 жыл толады

2019 жылы Еуразиялық интеграцияға 25 жыл толады

Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімге 2019 жылы 5 жыл, еуразиялық интеграция идеясына 25 жыл толады. Осы уақыт ішінде бірлестік ішінде капитал, қызметтер, тауарлар мен жұмыс күшінің еркін қозғалысы қамтамасыз етілген, тиімділігі жоғары одаққа айналып үлгерді. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы Одаққа мүше мемлекеттер экономикаларының қарқынды дамуына ықпал етті.

ГҮЛМИРА ИСАЕВА, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

 - Елбасының ұсынуымен Еуразиялық экономикалық одақ құрылғанда экономикалық прагматизм әдістемесі негізге алынды. Яғни, біздің елдерге одақ шеңберінде жұмыс жүргізу аса тиімді болды.  

Артықшылықтарды мүше елдердегі өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіштері дәлелдейді. Жалпы одақ бойынша биыл ол 2,7%-ға ұлғайса, елдер бойынша жіктегендегі өсім елеулі. Атап айтқанда, Қазақстанда өнеркәсіп өндірісі 7, Қырғызстан – 11,5, Арменияда 13%-ға өскен.

Салаларға тарқатып айтар болсақ,  машина жасау, металлургия, автомобиль  құрастыру, киім тігу, металл өнімдерінің өндірісі, жиһаз өнеркәсібінде біршама өсім байқалады. Одақ ішінде сауда жасайтын кәсіпорындардың айналым қаржысы да артқан.

САПАРБАЙ ЖҰБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

 - Қазақстанда өндірілген дайын өнімдердің қазіргі күнде Ресейге, Белоруссияға, Қырғызстанға экспортталуының дамып бара жатқандығы. Ол 13, 14-ші жылдардағы деңгеймен салыстырғанда бүгінгі күнде 25-30%-ға көбейіп тұр. Бұл Қазақстанның өндірушілікті дамытуға, шикізаттық экономикадан қайта өңдеу экономикасына өтуімізге үлкен мүмкіндіктер тудырады деп есептейміз.

Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, осы жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанның Еуразиялық Экономикалық Одақ мемлекеттерімен өзара саудасы артқан. Тауар айналымында Ресейдің үлесі басым. Мысалы, биылғы 9 айда бір ғана Солтүстік Қазақстан  облысының Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен арадағы  тауар айналымы 266 миллион АҚШ долларына жеткен. Экспорт көлемі 14%-ға артып, 42 миллион долларды құрады. Яғни бұл – Одаққа мүше елдердің нарығына кіріп, тығыз сауда-саттық орнату еліміздің  экономикасын өрлетуге септігін тигізіп келе жатыр деген сөз.

ДІНМУХАММЕД ШАЙКИН, ЭКОНОМИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ:

 - Президент жалпы ішкі өнімнің сапалық түрде дамығанын атап көрсетті. Яғни мұнай өндіріліп, қазба байлықтары қазылып, өңірден бидай экспортталып қана қоймай, оны сапалы түрде өңдеуге басымдық берілді. Міне, осындай жағдайда Еуразиялық экономикалық одақтың дамуы сапа тұрғысынан алғанда тиімдірек болады. Және жаңа үнқатуларға қарсы тұра алады.

2016 жылдың қазанында Еуразиялық экономикалық одақ Вьетнаммен еркін сауда аймағын құрды, ал мамыр айында Астана экономикалық форумында Иранмен осындай сауда аймағын құру туралы уақытша келісімге және Одақ пен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:  

 - Қазақстан бүгінде цифрлық экономика құруға басымдық беріп отыр. Еңбек биржасын, ашық сандық платформа құру – басты міндеттердің бірі. Халықаралық нарықтарға шығып, еркін сауда аймақтарын құру – тағы бір маңызды мәселе.

Еуразиялық интеграцияның экономикалық әлеуеті әлі де толық пайдаланып болған жоқ, дейді мамандар. Қазір Одақ мемлекеттерінің алдында ортақ мүдделерін ұжымдық түрде білдіруге, сыртқы әріптестерімен тиімді қатынастар құруға мүмкіндік туып отыр.