Қостанайда трактор шығаратын зауыт салынбақ

Қостанайда трактор шығаратын зауыт салынбақ

Қазақстан өңірлері шетелден капитал тарту жұмыстарының қарқынын күшейткен. Инвесторларға жергілікті жерде қолайлы жағдайлар жасалып, жеңілдіктер мен қолдау шаралары қарастырылған. Бүгінде елдегі индустрияландыру аясындағы жобаларға қаржы құюға ниетті шетелдік компаниялар аз емес. Мәселен, Қостанай облысында сыртқы капиталдың қатысуымен жалпы сомасы 1,4 трлн теңге болатын 13 жоба қолға алынған. Дені жергілікті индустриялық аймақтың алаңында орналасады.

ТАЛҒАТ МАЙШИН, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

– Келер жылы астықты терең өңдейтін өндіріс құрылысын бастау жоспарланған. Инвестицияның жалпы көлемі 111 миллиард теңге. Сондай-ақ біз индустриялық аймақтың тұжырымдамасын әзірледік.

Индустриялық аймақта жүзеге асырылатын жобаның біріне трактор шығаратын ресейлік зауыт алғашқылардың бірі болып қосылуға ниетті. Кәсіпорында жылына 3 мың трактор шығару жоспарланып отыр. Техниканы жергілікті мамандар жинайтын болады.

СӘБИТ ҚОНЫСОВ, ЗАУЫТТЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қызметкерлердің басым бөлігі жергілікті тұрғындар болады. Яғни ең алдымен мамандарды іріктеу жұмысы жүргізіледі. Бұдан соң олар арнайы оқытудан өтеді. Кейін жұмысқа кіріседі. Олардың біразы Минск тракторлық зауыты қызметкерлерімен бірге оқудан өтіп үлгерді.

Мұндағы ұн тарту зауытының Орталық Азияда баламасы жоқ. Кешен шетелдік инвесторлардың қаражатына салынды. Кәсіпорында тәулігіне 700 тонна ұн өндіріледі. Заманауи өндіріс экспортқа бағдарланған.