Әзербайжанда «Астана» халықаралық қаржы орталығы таныстырылды

Әзербайжанда «Астана» халықаралық қаржы орталығы таныстырылды

«Астана» халықаралық қаржы орталығы әзербайжандық кәсіпкерлер мен қаржы институттарына өз қызметін ұсынды. Олар капиталды дамыту, активтерді басқару, исламдық қаржыландыру тетіктерін ілгерілету мен өзге де қызмет түрлерін пайдалана алады. Құрылғанына 5 ай болған орталық түрлі елден 88 компанияны іске тартып үлгерді. Мұнда шетелдік ұйымдар салықтан босатылып, тегін кеңсемен қамтылады. Оған қоса, қаржылық ұйым қызметкерлері мен отбасыларына Қазақстанға 5 жыл бойы визасыз кіру рұқсат етіледі.

АЙДАР ҚАЗЫБАЕВ, «АСТАНА» ХҚО ӘКІМШІЛІГІНІҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біздің көздеп отырған мақсатымыз бір – осы бір артықшылықтарды ұсына отырып, әзербайжандық кәсіпкерлерді Қазақстан нарығына тарту. Себебі кез келген бизнес Еуропа не Азия болсын, өз алаңын таңдайды. Қазақстандық даму алаңы одан қарағанда жақынырақ. Астанада ыңғайлы жағдай жасалған. Сондықтан қаржы орталығындағы орынды әзербайжандық компанияларға ұсынып отырмыз.

Ұсынылған жеңілдіктер мен қызмет түрлері Әзербайжан кәсіпкерлеріне Еуразия кеңістігінде өз әлеуетін іске асырып, инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ірі NASDAQ және Шанхай қор биржасы сынды биржаларға жол ашылған. Таныстырылым кезінде кәсіпкерлер, исламдық қаржыландыру тетіктерімен танысу мүмкіндігіне ие болды.

ВУГАР ЗЕЙНАЛОВ, ӘЗЕРБАЙЖАН КӘСІПКЕРЛЕРІ ҰЛТТЫҚ КОНФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Мұндағы басты мақсат – «Астана» қаржы орталығы жергілікті кәсіпкерлерге қосымша табыс көзін тартуға көмектесетінін жеткізу. Біріншіден, кәсіпкерлер үшін бұл өте қолайлы. Екіншіден, бұл қызмет кәсіпкерлерге арзанға түседі. Осылайша, олар бизнес-жобаларын қаржыландырудың оңтайлы шешімін таба алады.

Сонымен қатар «Астана» әзербайжандық кәсіпкерлер үшін қаржы және қаржы нарығының мамандарын  даярлауда қол ұшын бере алады. Бұған қоса, орталық өзінің қаржылық қосымшасын іске қосуды жоспарлап отыр. Ал бағдарламаны құрастырушы шетелдік компаниялар стартаптарын қаржы орталығында жүзеге асыра алады.