Қарағанды облысының экспорттық әлеуеті

Қарағанды облысының экспорттық әлеуеті

Қарағанды облысы Қазақстанның стратегиялық маңызы бар өнеркәсіптік аймағы болып табылады. Облыс еліміздің индустриялық дамуына елеулі үлес қосып отыр. Өткен 5 жылда Қарағанды облысындағы өнеркәсіп өндірісінің қарқыны 50%-ға өсті. Жалпы алғанда, экономиканың барлық негізгі салаларында өсу байқалады. Бұл аймақтағы инвесторлар мен жергілікті халықтың бизнесті дамытудағы қызығушылығын тудырды.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Облыста 84 мың шағын-орта кәсіпкерлік бар, экономикалық сегменттің үштен бірі осында жұмыс істейді. Шағын және орта бизнес өнімінің көлемі 1 триллион теңгеге жетті, біз мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын, өнімді жұмыспен қамтуды және бұқаралық кәсіпкерлікті дамытуды жалғастырамыз. Нәтижесінде облыс экономикасына 170 млрд. теңге инвестиция құйылды. Яғни 1 теңге субсидия 20 теңге жеке инвестицияларға тең.

Қарағанды облысының өндірістегі өсімі жалпы экспорт көлемін 8 пайызға өсіруге мүмкіндік берген. Бұл көрсеткішпен Қарағанды облысы республика бойынша 1-ші орынға шықты. Жалпы 5 жылда 20 млрд доллардың тауары шетелге шығарылған. Облыста түсті және қара металлды өндіру саласында да оң динамика байқалады. Атап айтар болсақ, Жезқазғандағы мыс қорыту зауытын жаңғырту арқылы кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 400 мың тоннаға ұлғайтылмақ.

ҚАЙРАТ ШОРМАНБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ИИД БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Осы құжат негізінде алдағы 36 жылға 300 миллиард теңге инвестиция бөлініп, өндіріс қуаты бірнеше есеге ұлғайтылмақ. Сонымен қатар экологиялық қауіпсіздік шараларын нығайту үшін де қаржы көздері табылып отыр.

Қарағанды облысында құны 1 трлн теңгені құрайтын 33 жаңа ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың жартысына шетелдік инвесторлар өз үлесін қосып отыр. Мұндай жобалардың бірі – көтерме сауда орталығы. Бұл жоба сауда жүргізу мен логистикадағы бұрын соңды болмаған жаңа әдіс болып табылады. Бір мезгілде қоймада 12 мыңнан астам түрлі өнім сақталып, жүктеу алаңдары бір уақытта 150-ден астам машинаны қабылдай алады.

НАИЛЬ МУНАСИПОВ, КӨТЕРМЕ-БӨЛШЕКТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бұл жоба кәсіпкерлердің тауарларын бір жерде сақтап, сату мүмкіндігін береді. Сонымен қатар орталықта экспорттау мен импорттау жолдары бар. Оған қоса осы орталықтан тауарларды көлік және темір жол арқылы тасымалдау жүзеге асырылады. Жаңа жобада электрондық алаңдарда орнатылады.

Қарағанды фермерлері де Қазақстан экономикасына елеулі үлес қосуда. Аймақтың шаруа қожалықтары ет өнімдерін экспорттау бойынша алғаш рет шет елдік нарыққа шықты. Жыл басынан бері 700 тонна сыр мен қой еті экспортталған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есе көп. Жақында Қытай нарығына 20 тонна ет жөнелтілді. Жылдың соңына дейін тағы 1000 тонна ет экспортқа жіберіледі.