Қазақстан-Венгрия: Бизнес ынтымақтастық

Қазақстан-Венгрия: Бизнес ынтымақтастық

Қазақстан мен Венгрия әріптестікті арттыруға ниетті. Елдер өзара іс-қимылды тереңдете түсуде үлкен әлеуетке ие. Астана – бүгінгі таңда ТМД мемлекеттері арасында Будапешттің негізгі серіктесі. Оны Венгрия тарапының өкілдері де растап отыр. Сондай-ақ Венгрия бизнес өкілдері жақын арада Қазақстанға келмек. Бұл елдің кәсіпкерлері өз жетістіктерін тек Қазақстанға жеткізіп қана қоймай, сондай-ақ біздің озық бизнес-модельді зерттей алады. Тараптар өзара инвестициялар көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласына басымдық берілуде. Сонымен қатар ресми Будапешт еліміздің транзиттік әлеуетіне қызығушылық танытып отыр.

МИХАЙ ВАРГА, ВЕНГРИЯНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕМЬЕР МИНИСТРІ:

 - Біз көліктің көлемін анықтайтын және сонымен жүктің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, әрі кедендік төлемді қадағалайтын цифрлық жүйені қолданысқа енгізіп отырмыз. Ол көлеңкелі экономикамен күресте үлкен септігін тигізеді, бізге көмек болып отыр. Әрине бұл тәжірибемізбен қазақстандық әріптестерімізбен де бөлісуге дайынбыз.

Сонымен қатар екі ел сауда-экономикалық байланыстарды ғана емес, сондай-ақ мәдени және білім беру салаларын да одан әрі дамытуға ниетті. Атап айтар болсақ, Венгрия тарапы қазақстандық студенттерге бөлінетін грант санын 200-ден 250-ге көтерді.