Қазақстан-Германия тауарайналым көлемін арттыруда

Қазақстан-Германия тауарайналым көлемін арттыруда

Қазақстан мен Германия арасында маңызды сауда-экономикалық әріптестік орнаған. Биылғы жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 26 жыл толады. Осы уақытта қос тарап өте жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Қазақстан мен Германия бүгінде ауыл шаруашылығы, энергия үнемдеу, дуальдық оқыту, сондай-ақ машина жасау мен цифрландыру салаларында ынтымақтастық орнатқан. Алайда биылғы жылдың негізгі жетістігі – екі ел арасындағы сауда-саттықтың ұлғаюы. Айта кетейік, өткен жылы бұл көрсеткіш 4 миллиард еуроға тең болса, Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы биыл 1 миллиард еуроға өседі деп болжанып отыр.

БОЛАТ НҮСІПОВ, ГЕРМАНИЯДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ЕЛШІСІ:

 - Биылғы жылы неміс статистикасы бойынша соңғы 8 айда сауда 21%-ға артты. Яғни жылдың қорытындысы бойынша, тауарайналым 5 миллиард еуродан асады деп күтеміз. Дегенмен бұнымен тоқтап қалмаймыз. Екі ел арасындағы алыс-берісті ұлғайта түсеміз деп жоспарлап отырмыз.

Еуропа мен Азия арасындағы оңтайлы орналасу, салық жеңілдіктері және Қазақстандағы қолайлы іскерлік ахуал неміс инвесторлары мен кәсіпкерлеріне үлкен қызығушылық тудыруда. Бүгінде біздің мемлекетіміздің аумағында неміс капиталының қатысуымен 900 компания тіркелген.

ХАНС-ЙОХИМ БИШОФФ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТТЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ГЕРМАНИЯДАҒЫ ӨКІЛІ:

 - Көптеген неміс компаниялары Қазақстанда жұмыс істеуге мүдделі. Олар үшін Қазақстан үлкен нарыққа ие тартымды ел. Біз 18 миллион халқы бар Қазақстан нарығы туралы айтып қана қоймай, көрші елдермен қоса алағанда 180 миллион адамның әлеуетті нарығын білдіреміз. Немістерге ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергия саласындағы жобалар қызығушылық тудырады. Елдер осы секторларда ынтымақтастық орнатқан. Сонымен қатар неміс инвесторларын мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау, бизнес жобаларды қысқа мерзімде іске асыруға мүмкіндік беретіндігі де қызықтырады.

7 желтоқсанда Берлинде Қазақстан-Германия іскерлік кеңесінің кезекті отырысы өтеді. Қатысушылар бірнеше меморандумға қол қоюды, сондай-ақ Қазақстанда жүзеге асырылатын жаңа инвестициялық жобаларды талқылауды жоспарлап отыр.