Алдағы 3 жылда ауыл шаруашылығы өнімдеріне 100 млрд теңге бөлінбек

Алдағы 3 жылда ауыл шаруашылығы өнімдеріне 100 млрд теңге бөлінбек

Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенінің толық әлеуетін іске асыру көзделген. Алдағы 3 жылда бұл мақсаттарға шамамен 100 млрд теңге бөлу қарастырылған. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің алдына қойылған негізгі міндет – өнімнің экспортын 2,5 есеге арттыру. Осы жоспарларды жүзеге асыруға Жамбыл облысы да үлес қосуда. Жыл басынан бері өңір 2 мың тоннадан астам ет өнімдерін сыртқы нарықтарға шығарған.

ЕРЛАН ҚҰЛКЕЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Өткен жылы өнім экспорты 495 тоннаны құрады. Ал биылғы жыл басынан бері Жамбыл облысы 2200 тоннадан астам түрлі ет өнімдерін экспорттады.

Қазақстандық мал өсірушілер биылғы жылы 10,5 мың тонна ет пен ет өнімдерін жеткізген. Дені Өзбекстан және Ресей елдеріне жөнелтілді.

ҚАСЫМ ИТҚҰСОВ,  АҚМОЛА ОБЛЫСЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Экспортталған ет-сүт өнімдерінің құны 2 миллион АҚШ доллары шамасында. Географиялық жағынан бізге Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарына тауар өткізген тиімді. Сондай-ақ Мәскеу мен Санкт-Петербургке де агроөнім жеткіземіз.

Қазақстандық мал өсірушілердің жоспарындағы тағы бір нарық – Қытай елі. Мұздатылған қой етінің алғашқы партиясы Қарағанды облысынан көрші елге экспортқа жол тартты. Аспан асты еліне тауарлар темір жол арқылы жеткізіледі. Алғашқылардың бірі болып 20 тонна етті аймақтың 2 ауданының фермерлері жеткізген. Олар 1200 мал басымен қамтамасыз етті. Жыл соңына дейін 600 тонна қой еті шетелге жөнелтіледі деп жоспарлануда.

ЁН ДЖИПИН, ШЫҢЖАҢ ИМПОРТ-ЭКСПОРТ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Ең бастысы – екі ел көшбасшыларының арасында келісім бар. Ал кәсіпкерлер жеткізу мәселесін шешеді. Инфекциялық талаптар шеңберінде Қазақстан мен Қытайдың ауыл шаруашылық министрліктері үлкен жұмыс атқарды. Бүгінде барлық сұрақтардың шешімі табылып, біз ынтымақтастыққа кірістік.

Мәлімет бойынша, Қазақстанда жыл басынан бері 225 мың тоннадан астам ет өндірілген. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға көп.