АХҚО биржасындағы алғашқы сауда-саттық

АХҚО биржасындағы алғашқы сауда-саттық

«Астана» халықаралық қаржы орталығы дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты. Биржа алаңында сауда-саттық ресми түрде қосылу ұлттық компанияларға өзінің құнды қағаздарын жайғастыруға мүмкіндік туғызды. Бұл тізімді алғашқылардың бірі болып уран өндіруші ұлттық компания бастап тұр. Сонымен қатар өзге де қазақстандық кәсіпкерлермен бірге, шетелдік инвесторлардың да қызығушылығы айтарлықтай. Ұлттық әл-ауқат қорының мәліметтері бойынша, алғашқы тәулік ішінде сауда-саттыққа 49 шетелдік және 16 отандық заңды тұлғалар қатысқан. Сондай-ақ уран өндіруші компания мысалында өзге де нарық қатысушылары  IPO-ға шығарылып, «Астана» қаржы орталығы бұл ретте басты рөлде болмақ.

ҚАЙРАТ КЕЛІМБЕТОВ, «АСТАНА» ХҚО БАСҚАРУШЫСЫ:

-  Біздің биржа акцияларды сатуда бастапқы платформа қызметін атқарады. Ғарыш индустриясына Байқоңыр ғарыш айлағы қандай болса, біздің қаржы алаңы да игі бастамалардың, жаңа қаржы идеяларының негізін қалаушы болады деп үміттенеміз.

ТИМ БЕННАТ, «АСТАНА» ХҚО БИРЖАСЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Компания өзге де шетелдік нарыққа қатысушылармен бәсекеге түсуге мүкіндік алып, үздік бола алатындығын дәлелдеді. Сондай-ақ ол инвесторлар үшін айқындығын сақтап, бизнестің өркендеуіне капиталдың қолжетімділігін сақтап отыр. Әрине, бенефициарлар өсімінде тек шетелдік инвесторлар ғана емес, қазақстандықтар да болады.

Ұлттық компанияларды IPO-ға шығару арқылы олардың тартымдылығының жоғарылай түсуіне мүмкіндік туады. Мысалы, уран өндіруші компанияның акциясына деген сұраныс листингтің бірінші күні-ақ артып, жалпы сомасы 45 млн долларға ұсыныс түскен. Алдағы уақытта оның мөлшері 450 миллион долларға жетуі тиіс. Сөйтіп, бұл қаражат тікелей ұлттық қорға аударылады. 

ҒАЛЫМЖАН ПІРМАТОВ, УРАН ӨНДІРУШІ КОМПАНИЯНЫҢ БАСҚАРМАСЫ ТӨРАҒАСЫ:

-  Компания бұрын-соңды болмаған трансформациядан өтті және әлемдегі уран өндіретін бірден-бір компанияға айналды. Біздің компаниялардың арасында енді қазақстандық инвесторлар және жетекші халықаралық инвестициялық қорлар бар.

Қаржы орталығында бүгінде 88 компания тіркелген. Мекеме басқарушысы Қайрат Келімбетовтің айтуынша, 2020 жылға дейін олардың саны 6 есеге өсуі мүмкін. 4 айда қаржы орталықтарының әлемдік рейтінгісінде «Астана» 61-ші орынға жеткен. Осыған орай алдағы 2 жылда топ-50-ге де енуі әбден ықтимал. Мамандар қаржы орталығының қызметінен болатын экономикалық әсер 2027 жылы 40 млрд долларға жетеді деп болжайды. Тікелей шетелдік инвестициялар есебінен елдің жалпы ішкі өнімі де өсетін болады. Ал келешекте «Астана» Орталық Азияның ғана емес, Еуразияның қаржы қақпасына айналуы әбден мүмкін дейді.