Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-саттық көлемі 2 млрд 200 мың долларға жетті

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-саттық көлемі 2 млрд 200 мың долларға жетті

Қазақстан мен Өзбекстанның өзара экономикалық қарым-қатынасы жаңа деңгейге шықты. Тараптар арасындағы алыс-беріс ұлғайып келеді. Соңғы 2 жылда тауар айналымы 1,5 есеге артып, қазір сауда-саттық көлемі 2 миллиард 200 мың долларға жеткен. Қазақстан оңтүстіктегі көрші елдің бақша дақылдары мен жеңіл өнеркәсіп өнімдерін импорттайды. Өз кезегінде Өзбекстанға май, ұн, макарон мен мұнай өнімдері экспортталады.  

САИДИКРАМ НИЯЗХОДЖАЕВ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӨЗБЕКСТАН ЕЛШІСІ:

 - Үстіміздегі жылдың 6 айының қорытындысы бойынша, Қазақстан Республикасына Өзбекстаннан 400 миллион доллардың азық-түлік тауарлары жеткізілді. Сондай-ақ осы мерзім ішінде Қазақстаннан бізге 410 миллион доллар көлеміндегі тамақ өнеркәсібінің өнімдері экспортталды. Жақында Астанада өзбек тауарлары ұсынылған жаңа сауда орталығы ашылды. Онда бақша дақылдарымен қатар кондитерлік өнімдер, жеңіл өнеркәсіп тауарлары мен тұрмыстық техника саудаланады.

Екіжақты байланыстың енді бір жарқын көрінісі бірлесіп қолға алған жобалар. Бүгінде Өзбекстан аумағында қазақстандық капиталдың қатысуымен 300-ден астам кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Елімізде өзбек капиталы қосылған 1700-ден астам өндіріс ошағы бар. Сондай-ақ Қазақстан жерінде бірлескен ірі жобалар жүзеге асуда. Оның бірі Қостанайдағы машина жасау зауыты және Шымкенттегі газ плиталарын шығаратын цех.

САИДИКРАМ НИЯЗХОДЖАЕВ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӨЗБЕКСТАН ЕЛШІСІ:

-  Кәсіпорын газ плиталарын шығарумен айналысады. Ол жергілікті сұранысты толықтай қамтамасыз етеді. Қазақстанда жасалатын өнімдердің техникалық сапасы бойынша өзге баламалы түрлерден кем емес. Республиканың елді мекендерін газбен қамту тапсырмасы берілген соң, бірлескен жобаны жүзеге асыру ісі  қолға алынды.

Екіжақты ымыраланған 60 келісімшарттың іске асуы да мемлекеттердің ынтымақтастығын арттыра түспек. Бұл құжаттарға қос елдің бизнесмендері өткен мамырда Шымкентте ұйымдастырылған іскерлік кеңестің жиынында қол қайған. Келісімдердің жалпы құны 1 милиард доллардан асып жығылады.