30 отандық компания Қытай нарығына шығуға қамданып отыр

30 отандық компания Қытай нарығына шығуға қамданып отыр

Қазақстан жаңа нарықтарды бағындырып келеді. Отандық кәсіпкерлер төл өнімдерін экспорттауда Қытаймен әріптестік орнатудың әлеуеті аса зор деп отыр. Бүгінде аспан асты еліне Қазақстаннан көбіне шикізат тасымалданады. Негізінен тазартылған мыс, мырыш, фероқорытпа, мұнай, газ және астық жеткізіледі. Қазіргі таңда Қытай нарығына ауылшаруашылығы өнімдерінің 30-дан астам түрін шығару бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Еліміздің көкеніс, жеміс-жидек, бақша, бұршақ, дәнді дақылдарына сұраныс жоғары.  Сондай-ақ жергілікті тұз, ұн мен кондитерлік өнімдерді көрші елге саудалау мүмкіндігі бар.

АЯН ЕРЕНОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЫРТҚЫ САУДА ПАЛАТАСЫНЫҢ  БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

- Қытай нарығына шығу үшін ірі кәсіпорындармен жұмыс істеу қажет. Өйткені алпауыт елдің сұранысын қанағаттандыру үшін өндірістің айналымы мен қуаттылығы аса үлкен болуы керек. Өткен жылы тауар айналымы 10,5 миллиард долларды құрады. Оның жартысынан астамы 5,5 млрд Қазақстандық экспорт болса, қалған 4,5 млрд Қытайдан келген импорттың үлесі. 

Қытай нарығына шығуға 30 отандық компания қамданып отыр. Бұл негізінен тамақ, тоқыма мата өндірістері мен машина жинау кәсіпорындары, туризм және ауыл шаруашылығы салалары. Қазақстандық етттің сапасы Ауғанстан, Иран, Ресей, Қырғызстан сынды шет мемлекеттеріне танылып үлгерген. Алдағы уақытта оның дәмін қытайлық тұтынушылар да татып көретін болады.

МАҚСҰТ БАҚТЫБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН ЕТ ОДАҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Қос елдің мемлекет басшыларының жақсы қарым-қатынасының арқасында ет өнімдерін жеткізу бойынша келісім жасалды. Барлық рұқсат құжаттары дайын. Осыны ескере келе, жұмыс қыза түсті. Біз алғашқы партияны осы жылдың соңында жөнелтуді жоспарлап отырмыз. Алдағы жылдың басында ірі қара мен қой етін тасымалдай бастаймыз. Әзірге жылына 20, кейін 50-60, тіпті 100 тоннаға дейін ет жеткізу көзделген. Ол сұранысқа байланысты болмақ.  

Тұтынушылар саны әлемнің өзге елдерінен әлдеқайда басым мемлекетпен әріптестік орнатуға ақтөбелік кондитерлік кәсіпорын желілерінің бірі де ниет танытып отыр. Отандық өндірушілер Қазақстанда жасалған «шоколадтағы жент» десерті шекаралас халықтың көңілінен шығатынына сенімді. Дизайнер Айжан Жүзбай болса, қытайлық сәнқойларды ерекше мәнерде пішілген киім үлгілерімен таңқалдырмақ.