Биыл Халықаралық қаржы қоры Қазақстанның ЖІӨ өсімінің болжамын 3,7% дейін арттырды

Биыл Халықаралық қаржы қоры Қазақстанның ЖІӨ өсімінің болжамын 3,7% дейін арттырды

Халықаралық қаржы қоры алдағы жылдардағы Қазақстан экономикасының дамуына талдау жүргізді. Аталған ұйым ағымдағы жылға арналған еліміздің ЖІӨ өсімінің болжамын 3,7 пайызға дейін арттырды. Талдау нәтижесіне сәйкес, ел экономикасының дамуына мұнай өндіру көлемінің ұлғаюы, сауда секторы мен өңдеу өнеркәсібіндегі белсенділіктің артуы септігін тигізбек. Бұл орайда мемлекет тарапынан қолға алынған бюджеттік қолдау, айырбас бағамының икемділігін орнату, инфляциялық таргеттеуді қолдану, банк секторын нығайту және құрылымдық реформаларды жүргізу сынды шаралар зор ықпал етті. Экономиканың қарқынды дамуына мұнай мен металл экспортының ұлғаюы да септігін тигізген. Жалпы оң динамика алдағы уақытта да сақталады деген болжам бар. Десе де, көмірсутегі бағасына деген тәуелділік экономиканың даму көрсеткіштеріне кері әсер етуі мүмкін. Осы орайда Қазақстан халқының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған құрылымдық реформаларды жалғастырудың мыңызы зор.   

ЮХА КЯХКОНЕН, ХҚҚ ТАЯУ ШЫҒЫС ПЕН ОРТА АЗИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Үкіметтің экономиканы оңтайландыруға бағытталған мақсаты өте дұрыс және маңызды деп есептейміз. Қазақстан осы бағытта айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуде. Doing Business рейтингісінде Қазақстанның көрсеткіші жақсарып, елдеріңіз экономиканы оңтайландыру бойынша алдына жақсы жоспарлар қойып отыр. Осы бағытта ең маңыздысы – мемлекет тарапынан қолайлы жағдайдың жасалуы. Атап айтқанда, инфрақұрылымды жетілдіру, сәйкес заңдардың қабылдануы, тиімді мемлекеттік басқаруды қамтамасыз ету. Осылайша өсім қозғалтқышына айналатын жеке сектордың қарқынды дамуына жол ашу қажет.