Шымкент: Жанармай өндірісі

Шымкент: Жанармай өндірісі

Өндірістерді жаңғырту – Үдемелі индустриялық инновациялық даму бағдарламасы мақсаттарының бірі. Бұл үрдістен еліміздегі мұнай өңдеу зауыттары да шет қалған жоқ.

Шымкенттегі жаңғырту жобасы жақында аяқталды. Нәтижесінде изомерлеу қондырғысы қосылғаннан кейін жоғары октанды бензин өндірісі 100% жолға қойылды. Ал мотор отындарының сапасы Кеден одағының техникалық регламентінің талаптарына сәйкес К4 және К5 экологиялық класына жеткізілді. Яғни зауыт қазір Еуро-4 және Еуро-5 стандартына сай жанармай мен дизельді отын шығаруда. Мұнымен шектеліп қана қоймай, жылына 400 мың тонна әуе керосинін де өндіреді.

МҰРАТ ТАПБЕРГЕНОВ, ШМӨЗ №3 ЦЕХ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Бұл жобаның мақсаты жоғары октанды бензин алу, дизель отынын өндіру, сығымдалған газды мақсатты пайдалану болатын. Қазір жұмыстың барлығы автоматты түрде жолға қойылған. Біздегі мамандар білікті. Цифрлық жүйемен жұмыс жасай біледі. Зауыттың жұмысын жандандыру үшін жаңғырту, әрине қажет. Қазір осының арқасында мазуттан жоғары октанды жанар-жағармай шығарудамыз.

Елімізде шығарылатын мұнай өнімдерінің үштен бірі осы зауытқа тиесілі. Ендігі жерде зауыттың барлық өндірістік процестері бір жерден басқарылады. Мұндағы технологиялар сандық жүйеге көшіріліп, операторлар заманауи автоматтандырылған цифрлық жүйені пайдалануда. Жаңғырту аясында мұнда 11 технологиялық қондырғы мен жалпы зауыт шаруашылығының 29 нысаны салынған.

ТАЛҒАТ МАКУОВ, ШМӨЗ ЖАҢҒЫРТУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Біздің зауыт енді әлемдік талаптарға жауап бере алады. Себебі жанармай шығару жүйесі толықтай жаңғыртылды. Мұнда қарқынды құрылыс жұмыстары жүргізілді. Жаңғыртудың II кезеңінде жұмысқа 4 мыңнан астам адам мен 1600 арнайы техника тартылды. Мақсатымыз – сапалы өнім ұсыну.

Күрделі жөндеудің нәтижесінде бүгінде өндіріс көлемі 1 млн тоннаға артып, 6 млн-ға жетті. Ал жаңғыртудың ең басты нәтижесі – экологиялық тиімділік.