YPO: Алғашқы жастар бизнес-форумы

YPO: Алғашқы жастар бизнес-форумы

Жетістік құпиялары, тәжірибелік кейстер және бизнес жүргізу бойынша кеңестер. Алғаш рет Қазақстан жастарымен 5 белгілі отандық кәсіпкер табыс кілтінің сырларын ашып, ұшқыр ойларымен бөлісті. Тәжірибелі спикерлер –әлемнің ірі YPO бизнес-көшбасшылары бірлестігінің мүшелері.

БЕРІК ҚАНИЕВ,  ФОРУМ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ, YPO МҮШЕСІ:

 - YPO – кәсіпкерлер мен компания иелерінің халықаралық жабық клубы, оған әлемнің 130 елінен 25 мың табысты бизнес өкілдері кіреді. YPO бірлестігіне белгілікті талаптарға сай қаржылық немесе жұмыс орындары бойынша жетістіктерге жеткен кәсіпкерлер мүшелік етті. Оған лайықты деген әр кәсіпкер ұйымның мүддесін қорғайды, бір-бірімізге демеу жасаймыз. Әр елде мүшелері бар. Біз барлығымыз үлкен бір жанұя сияқтымыз. 

Бүгінгі таңда YPO халықаралық ұйымының қатарында 20 қазақстандық кәсіпкер бар. Бірлестік мүшелерінің табысымен қатар, бизнесмендердің жастарына үлкен мән береді. 

АРМАНЖАН БАЙТАСОВ, ФОРУМ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ, YPO МҮШЕСІ:

-  Белгілі бір шектеулер бар. Компанияның айналымы 10 млн доллардан кем болмауы тиіс. Қызметкерлерінің саны да жүзеге жетуі керек. Осындай өзіндік талаптар қойылатын ұйымға екінің бірі қабылдана бермейді. Сондай-ақ жыл сайын төленетін жарналары белгіленген. Оны да ынталандырушы фактор деп түсінеміз. Кәсіпкер бизнес жүргізу ісі, қаржылық операциялар бойынша үлкен белесті бағындыруы қажет. Сонда ғана мүше бола алады. Басты шектеу жастың сәйкес келуі. 45 жастан асқан бизнесмендер халықаралық үйымға кіре алмайды.

Жеке кәсібінен іс жүзінде нәпақа тауып, қомақты табысқа жеткен жергілікті  бизнес майталмандарының ақыл-кеңестерін өз ісін ашуға ұмтылған стартаперлермен бірге белсенді студенттер тыңдап қайтты. Бұдан былай YPO бизнес форумы дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын болады. Енді танымдық жиындарды Астанамен қатар еліміздің бар өңірлерінде өткізу жоспарланып отыр.