Астанада келесі жылы Жаһандық цифрлық инновациялық жиын өтеді

Астанада келесі жылы Жаһандық цифрлық инновациялық жиын өтеді

Елордасы Астанада келесі жылы Жаһандық цифрлық инновациялық жиын өтеді. Бұл шешім осы аттас Альянстың Сеулде өткен инаугурациясында қабылданды. Халықаралық форумды ұйымдастыруға елімізден басқа Бразилия мен Румыния  ниет білдірген. Айта кетейік, Ғаламдық цифрлық форумның негізгі мақсаты қатысушылар инновацияларды пайдалану жөніндегі сұрақтарға жауап іздейтін, индустриядағы жетекші мамандардан білімдерін толықтыратын, өзекті тақырыптар талқылайтын және міндеттерді шешу үшін стратегияларды жазуда ортақ алаң құру болып табылады.

ОЛЖАС САРТАЕВ, ИННОВАЦИЯЛЫҚ ШЕШІМДЕРДІ ЖЫЛЖЫТУ БОЙЫНША  КОМПАНИЯ ӨКІЛІ:

 - Жиын барысында біз тәжірибе алмасамыз. Өзіміздің жаңашылдықтарымызды көрсетіп, әріптестеріміздің бағасын аламыз. Корея, Жапония, тіпті Латын Америкасы секілді елден келген әріптестерімізбен пікірлестік. Бұл өте маңызды. Альянстың келесі отырысы Астанада өтеді деп келістік. Нақты күнін де белгілеп қойдық.

ЛИ ДЖИ ХЁН, СЕУЛДЕГІ ЦИФРЛЫҚ ҚОРДЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Альянс мүшелерінің әрбіріне жаңа қоғамдық қызмет көрсету түріне өту мүмкіндігі беріледі. Мұндай жиындардың артықшылығы – Қазақстан алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесін қолдану арқылы уақыт үнемдейді. Менің ойымша, сандық технологияның арқасында қалалардағы өмір сүру деңгейі жақсарып, бұл өзгерістер бұқараның көңілінен шығарына сенімдімін. 

Айта кетейік, Жаһандық цифрлық инновациялық альянс құрамына Қазақстаннан басқа Корея, АҚШ, Сингапур, Бельгия, Португалия, Бразилия, Вьетнам, Малайзия мен Румыния кіреді.