Қазақстанның экспорттық әлеуеті

Қазақстанның экспорттық әлеуеті

Қазақстанда экпортқа негізделген кәсіпорындарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау күшеюде. Алдағы уақытта өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортқа 500 млрд теңге бөлінбек. Қаражат жеңілдікпен несиелеу, экспортқа дейінгі қаржыландырумен мемлекеттік кепілдік беруге жұмсалмақ. Және де отандық тауарларды маркетингтік жылжытуға, өнімді өткізу нарығын зерттеуге және сауда кедергілерін жоюға бағытталатын болады. Тиісті ведомстводағылар жыл сайын 40 экспорттаушы қаржылай және 400-і сервистік қолдауға ие болады деп отыр.

РУСЛАН ЫСҚАҚОВ, ҰЛТТЫҚ ЭКСПОРТТЫҚ САҚТАНДЫРУ АГЕНТТІГІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Алдағы 3 жылда өңдеу индустриясы мен шикізаттық емес экспортқа 500 млрд теңге бағытталатын болады. Бұл соманың 170 млрд-ы міндеттемелер бойынша мемлекеттік кепілдіктерді капиталдандыруға жұмсалмақ. Біздің мақсатымыз – экспорттаушыларға әр кезеңде қолдау көрсету. Жаңа нарыққа шыққысы келетін, бірақ жаңа елде сенімді сатып алушысы жоқ экспорттаушылар болады. Мұндай жағдайда тауар сатудың тәуекелі зор. Міне, дәл осы кезде біз тәуекелдерді сақтандырамыз. Осылайша, экспорттаушының жаңа нарықтарды бағындыруына жол ашылады.

Қазіргі таңда Қазақстан әлемнің 113 еліне өңдеу саласының 800-ге жуық тауар түрін ұсынады. Жақында еліміз экспортқа бағытталған 25  инвестициялық жобаны іске қосуды жоспарлауда. Олардың ең ірілері –  450 миллион долларлық ТМД елдеріне экспортталатын мыс кабельдері өндірісі мен 50 млн доллар болатын металл балқыту зауыты.

ҚАЙЫРБЕК ӨСКЕНБАЕВ, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

 - Біз үшін басты нарық ретінде Қытай Халық Республикасы, Еуразиялық экономикалық одақ, Еуропалық одақ елдері қарастырылады. Олардың бәрін қосқанда экспорттың 65 пайызына тең. Шикізаттық емес экспортты арттыру әлемдік шикізат нарығының құбылмалы кезеңінде  мықты, тұрақты экономика жасауға мүмкіндік береді. Соңғы жылдары 46 жаңа тауар түрі шығарылды.

2017 жылы елдің экспорттық потенциалы 31%-ға артып, 48 млрд доллардан асты. Оның ішінде шикізаттық емес өнім үлесі – 15 млрд доллар. Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше, алдағы жылы өсім жалғасатын болады. Оның биылғы 9 ай ішіндегі көрсеткіші – 28%. Алдағы  3 жылда шикізаттық емес экспорт көлемін 1,5 есеге арттыру көзделуде.