Жаңа Жібек жолындағы Қазақстан

Жаңа Жібек жолындағы Қазақстан

«Жаңа Жібек жолы: Қазақстан – Еуропа мен Азия арасындағы маңызды көлік, транзиттік және энергетикалық хаб». Брюссельде Берлин Еуразиялық Клубының 24-отырысы осы тақырыпқа арналды. Жиында еуропалық компаниялардың, Қазақстан мен Еуроодақтың экономикалық, қаржылық және ғылыми ұйымдарының 50-ден аса өкілі қатысты. Германиядағы Қазақстан елшісі Болат Нүсіпов елбасының халыққа жолдауындағы басымдықтар туралы баяндап берді. Осындай мақсаттардың бірі – Жаңа Жібек жолындағы көлік-логистикалық торап ретіндегі Қазақстанның рөлін арттыру. 

БОЛАТ НҮСІПОВ,  ҚАЗАҚСТАННЫҢ ГЕРМАНИЯДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

-  Қазақстанның Германиямен және бүкіл Еуроодақпен ынтымақтасуы жөнінде бірқатар ұсыныстар айтылған. Кездесу қорытындысы бойынша, Еуразиядағы маңызды энергетикалық және көлік-транзит хабы ретінде елімізге үлкен қызығушылық бар екеніне көзіміз жетті.

КҰРМАНҒАЗЫ ІСҚАЗИЕВ, «ҚАЗМҰНАЙГАЗ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Бүгінде Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ ірі жобаларында еуропалық компаниялармен бірге жұмыс істеп келеміз. Қазақстанның инвестициялық тартымдығын жақсарту мақсатында үкіметтің атқарып жатқан еңбегін атап өттік.

Жақында Брюссельде өткен ASEM саммиты барысында елбасы ұсынған бастамаларда отырыста сөз болды. Еуропаның сыртқы әрекет қызметі Орталық Азия бөлімінің жетекшісі Борис Ярошевич Нұрсұлтан Назарбаевтың «Азия-Еуропа» самитіне қатысуына және Еурокомиссия басшысы Жан-Клод Юнкермен өткізген кездесуіне жоғары баға берді. Қазақстан Еуроодақпен Кеңейтілген серіктестік жөнінде келісім жасаған аймақтағы жалғыз ел екенін атап өткен ол, Еуроодақтың Азиямен өзара байланыс дамыту стратегиясын жүзеге асырудағы басты серіктесі екенін айтты.

МИХАЭЛЬ ХАРМС, ГЕРМАНИЯ ЭКОНОМИКАСЫ ШЫҒЫС КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Былтырдан бастап екіжақты тауар айналымыз едәуір өскен. Қазақстан тарабының маңызды бір жобасы теміржол көлігін дамыту болып отыр. Қорғас Жаңа Жібек жолының Шығыстағы қақпасы сыңайлы. Егер логистика дамыса, өндіріс те алға басады.

Осыдан 12 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған бұл форум екіжақты ықпалдасу мәселелерін талқылайтын беделді алаңға айналды. Биылғы отырыста еуропалық кәсіпкерлер мен саясаткерлер Қазақстанмен инвестициялық, сауда-экономикалық және саяси ынтымақтастығын одан әрі дамытуға дайындығын білдірді.