АХҚО: Халықаралық сарапшылар пікірі

Қазақстанда Халықаралық қаржы орталығын құру – дер кезінде қабылданған шешім. Пелопоннес университетінің аймақтық интеграция профессорының көмекшісі Сотириос Петрополос осындай пікірде. Оның айтуынша, қазіргі таңда жаһандану көпполярлық дүние құрылымын жасауға мүмкіндік береді. Экономикалық тұрғыдан әр аймақта өзінің ірі қаржы орталығының болуы маңызды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы Орталық Азиядағы маңызды хабқа айнала алады.

СОТИРИОС ПЕТРОПОЛОС, ПЕЛОПОННЕС УНИВЕРСИТЕТІ АЙМАҚТЫҚ ИНТЕГРАЦИЯ ПРОФЕССОРЫНЫҢ КӨМЕКШІСІ:

 - Астананың, жалпы Қазақстанның аймақта жаңа қаржы орталығын құруға қауқары бар. «Астана» халықаралық қаржы орталығы қызметі үшін қажетті барлық заңнамалық база, жаңа ережелер мен жарғылар әлемнен көптеген инвесторларды тартатын болады. Бұл мүмкіндікті қалт жібермеу керек.

Сарапшы «Астана» халықаралық қаржы орталығының баламалы қаржы құралдарын дамыту жөніндегі бастамаларын да жоғары бағалады. Ислам қаржыландыруы, криптовалюта, жасыл облигациялар. Мұның бәрі аймақтық және жаһандық қаржы нарықтарына шығуды жоспарлайтын орталық үшін аса қажет, - дейді Сотириос Петрополос.

СОТИРИОС ПЕТРОПОЛОС, ПЕЛОПОННЕС УНИВЕРСИТЕТІ АЙМАҚТЫҚ ИНТЕГРАЦИЯ ПРОФЕССОРЫНЫҢ КӨМЕКШІСІ:

 - Қазіргі уақытта ислам қаржыландыруы өзіне жұрттың назарын аудартуда. Сондықтан оны дамытудың әлеуеті зор. «Астана» қаржы орталығындағылар мұны түсініп отыр.  Хабта дәстүрлі, батыс банкингін ғана емес, өзге де нарықтар мен аймақтарды қамтуға мән берілгендігі қуантады. Нәтиже ұзақ күттірмейді деген ойдамын. 

Сотириос Петрополос  криптовалюта нарығында да зор мүмкіндіктердің бар екеніне сенімді. «Астана» халықаралық қаржы орталығының блокчейн-технологияларды дамытуға ұмтылысы да хабтың заман талабына сай болып, қаржы трендтерін түсінетіндігін көрсетеді, - дейді сарапшы.