Қазақстан-Қытай: Көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық

Қазақстан мен Қытайдың көлік-логистика саласындағы ынтымақтастығы жаңа кезеңге аяқ басты. Жаңа автомагистраль мен «Нұр жол» бақылау бекетінің ашылуы тауар тасымалын жылдамдата түскен. Қазіргі кезде Қорғастан Алматыға дейін жүк жеткізуге бар жоғы 4 сағат кетеді. Ал «Қорғас» өткізу бекетінің қайта жаңғыртылуы жүк ағынының көлемін ұлғайтуға септігін тигізді. Айта кетейік, Қытайдың жүктері Қазақстан арқылы Еуропаға шамамен 15 күннің ішінде тасымалданады. Кеден қызметінің мәліметіне сәйкес, қазіргі кезде осы бағытта 3700-ден астам пойыз қатынайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 65%-ға артық. Қазақстан мен Қытай арасындағы экспорт пен импорт көлемі 386 мың тоннаны құрап отыр. Біздің мемлекет Аспан асты еліне табиғи газ, жүн өнімдері, кебек, бидай және қызыл үрмебұршақ экспорттайды. Ал Қытайдан бізге негізінен электроника, киім-кешек, мата және жеміс-жидек келеді. Сарапшылардың айтуынша, шекара маңындағы серіктестікті дамыту – Қазақстан-Қытай қатынастарындағы негізгі бағыттардың бірі.

ЛЮ ВАНШЭН, «ҚОРҒАС» КЕДЕНІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

- «Қорғастың» теміржол бақылау бекетінен өтетін жүк көлемі жыл сайын артып келеді. Күніне 20 пойыз жөнелтеміз, бұл шамамен 900 контейнер деген сөз. Осы жерден үздіксіз Орталық Азия одан әрі Еуропаға аттанып жатады.