Польша іскерлері Қазақстанның ауылшаруашылық саласына 15 млн еуро салмақ

Польша іскерлері ауылшаруашылық саласына шамамен 15 млн еуро салмақ ниетте. Поляк инвесторлары Түркістан облысында қызанақ өсірілетін көлемі 11 гектар болатын жылыжай кешені ашылады деп жоспарлануда. Осы тұрғыда поляктар бірігіп қызмет етуге, әрі агроөнеркәсіп саласында тәжірибе алмасуға әзір екендерін айтады.

АРКАДИУШ ЯКУБЧАК, ОРТАЛЫҚ ЕУРОПА МЕН ПОЛЬШАДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ КОМПАНИЯ ӨКІЛІ:

 - Қазір негізінен Голландияда өсірілген қызанақтар көптеп сатылады. Енді нарыққа қазақстандық өнім шығарылатын болады. Ел үкіметі ұсынған салық саласындағы жеңілдіктер бізге тиімді. Көптеген шетелдік инвесторлар қызығушылық танытып отыр. Қазақстанның маңында шамамен жарты миллиард адам тұрады. Олар да біздің өнімге қызығушылық танытып отыр. Ресейге жібере аламыз. Үлкен нарық зор  мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Польша туризм саласындағы тәжірибесімен бөлісуге дайын. Дәл осы сала қазір еуропалық мемлекетті миллиондаған еуро пайдаға кенелтіп отыр. Соңғы мәліметке қарағанда туризмнің үлесі Польшаның ЖІӨ-нің 6%-ын құрайды. Бұл секторда 700 мыңға жуық адам еңбек етеді. Қазақстан үшін қазір туризмді дамыту – басты бағыттардың бірі. Бұл туралы ел президенті өзінің халыққа жолдауында да атап өтті. Поляк туроператорлары еліміздің шипажайлы орындарының әлеуеті жоғары екенін айтып, ынтымақтастықты дамытуға ниет білдіріп отыр. Олардың дерегіне сүйенсек, қазақ жеріне саяхаттайтын еуропалықтардың үштен бір бөлігі – поляктар. 

ПАВЕЛ НИВЯДОМСКИ, ПОЛЯК ТУРИСТІК ПАЛАТАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Туризмді дамыту үшін бізде арнайы бағдарламалар дайындалып, жүзеге асырылды. Қазір әлемнің көптеген елдерінде Польшаның көптеген туристік кеңселері жұмыс істейді. Біз тұтынушыларға алуан түрлі туристік өнімдер ұсынып келеміз. Ал Қазақстанға келетін болсақ, Варшава-Астана тікелей әуе рейсі ашылғаннан бері сіздің елге барушы поляк саяхатшылары 30% артты.