Қазақстан мен Қытай тауар айналымын ұлғайтуда

Қазақстан мен Қытай тауар айналымын ұлғайтуда. Үстіміздегі жылдың 9 айында екі ел арасындағы экспорт пен импорт көлемі 21%-ға артқан. Қос мемлекет шекарасындағы «Қорғас» бақылау-өткізу бекеті арқылы жалпы құны 14 миллиард АҚШ доллары болатын жүк өткізілген. Шекара қызметінің өкілдері кедендегі жұмыстың жандана түсуін рәсімдеу уақытының қысқаруымен байланыстырып отыр.  

ЮЙ ХУАНЬ, САУДА КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

– «Қорғас-Нұр Жолы» бекетінің автокөлік пункті мен жаңа жол ашылғаннан бері Қорғастан Алматыға жүкті жеткізу уақыты 4 сағаттан аспайтын болды. Мәселен, таңертең Қытайдан жөнелтілген тауарлар түстен кейін Алматы базарларында сатылымға шығарылады. Көкөністердің экспорты да күн санап артып келеді. 

Бүгінде отандық тауардың 25-тен астам түрі Қытай нарығына шығарылып отыр. Олардың қатарында мұздатылған ет, кондитерлік өнімдер, өсімдік шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібінің өнімдері бар. Аспан асты елінде, әсіресе экологиялық таза балға деген сұраныс жоғары. 

АНАТОЛИЙ ДОБРОВОЛЬСКИЙ, ҚАЗАҚСТАН ОМАРТАШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Қытайлық делегация біздің балдың дәмі, сапасы мен құндылығын жоғары бағалады. Қазір мұнайдың баррелі 70-80 доллардың шамасында, ал балдың баррелі 700 доллардан 1500 долларға дейін тұрады. Бұған қоса, бал – жаңартылатын өнім.

Айта кетейік, жақында Қытайдың Шэнси провинциясында қазақстандық сауда үйін ашу жоспарланып отыр. Онда біздің елдің кәсіпкерлеріне 5 мың шаршы метр сауда алаңы мен арнайы кедендік аймақтан аумағы 10 мың шаршы метр болатын бос қоймалар берілмек.