Ауылшаруашылық өнімдерін шығарушылар экспорт көлемін арттыруда

Еліміздің ауылшаруашылық өнімдерін шығарушылар экспорт көлемін арттыруда. Шетелге тасымалдаушы кәсіпорындар арасында Солтүстік Қазақстан облысының үлесі елеулі. Өңірде жыл басынан бері шетелге 500 мың тоннадай азық-түлік сатылды. Әсіресе сүт, жұмыртқа, ұнға деген сұраныс жоғары.

ҚУАНДЫҚ ШАҚЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Экпортқа сүт өнімдері 87%, жұмыртқа 81%, ал ұн – 14 %-ға көбейді. Бұл өнімдер Ресейге жіберіліп жатыр. Сондай-ақ Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Ауғаныстан, Қытай мемлекеттеріне де біздің экспорт жүріп жатыр.

Бұл – Солтүстік Қазақстандағы сүт өндіретін ірі зауыттардың бірі. Кәсіпорын күніне 65 мың тонна ақ өңдеп, айран, қатық, ірімшік, қаймақ, сүт шығарады. Өндірілетін табиғи таза өнім ішкі нарықты ғана қамтамасыз етіп қоймай, Ресейдің Қорған қаласына да экспортталады. Жыл басынан бері Қорған облысына 370 млн теңгеге 1 мың 320 тонна сүт өнімдері жеткізілген. Отандық өнім Еуразиялық экономикалық одақтың талаптарына толық жауап береді.

ГЕОРГИЙ ЦЕЛЫХ, СҮТ ЗАУЫТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Қорған қаласына өндірілген өнімді айына 12 рет, аптасына 3 рет жеткіземіз. Әрбірінде 10 тоннадан тауар болады. Отандық өнімге деген сұраныс жоғары.

Сондай-ақ Түркістан облысы бағбандары шетелге жемістерді экспорттайды. Бүгінде отандық жемістерге деген сұраныс Ресей елінде жоғары. Бүгінде  шаруалар жемісті өсіріп қана қоймай, оны өңдеуге көшкен. Түрлі жеміс шырындарын Қытай мен Біріккен Араб Әмірліктеріне саудалауды жоспарлап отыр.