Қазақстан-Ресей: Цифрлық экономика саласындағы ынтымақтастық

Қазақстан мен Ресей цифрлық экономика саласындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Мәскеуде екі елдің бірлескен IQ клубының сарапшылары өзгермелі әлемдік экономика жағдайында дағдарысқа қарсы стратегияны талқылады. Сарапшылар «Астана» халықаралық қаржы орталығының мақсаты, ауыл шаруашылығының әлеуеті мен екі елдің қаржы жүйесі туралы ой бөлісті.

СЕРГЕЙ РЕКЕДА, ИНТЕГРАЦИЯ МҮМКІНДІКТЕРІН ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Жоғары технологиялық экономиканың әлі қалыптаспаған  салаларында өсу нүктелерін іздеуге тиіспіз. Big Data нарығында былтыр өсім 20%-дан астам көрсеткішке жетсе, биыл бұл сан 30%-дан асып түседі деген болжам бар. Осындай бірлескен салалық ынтымақтастықты қалыптастырудың арқасында кадрлар даярлау мәселесі  туындап отыр. 

Экономистер дәстүрлі салаларда да ынтымақтастық әлеуетін арттыра түсуді көздеп отыр. Айта кеткен жөн, мемлекеттік мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша, Қазақстанда алдағы 10 жылда 80 мың фермерлік шаруашылық ашылады.   

ВАЛЕРИЙ СУРГАНОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАЙЛАНЫС ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Ферма иесіне жылдық 4 пайыздық мөлшерлемемен 15-20 жылға несие беріледі. Бұл өте тиімді. Кәсіпкерлер 150-ге тарта мал басын сатып ала алады. Негізінен Ресей елінен ірі қара әкелінеді. Қазақстан алдағы 10 жылда аналық ірі қара малын импорттап, мал басын 7 миллионнан 12 миллионға дейін арттыруды көздеп отыр.