Аграрлық ғылымдағы инновациялар

Инновацияларды енгізу арқылы агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігі арттырылмақ. Қазақстанда аграрлық зерттеулер мен ауыл шаруашылығы жабдықтарын сатып алуға жұмсалатын қаржы арта түседі. Бұл жайлы Астанада өткен мамандандырылған форумда айтылды. Республикада бизнестің аграрлық ғылымға жұмсаған шығындарының 80 пайызы субсидияланбақ. Заңнамадағы жаңашылдық Мәжілісте де қарастырылуда. Өзгертулердің қабылдануы бизнес пен ғылымның байланысын арттырмақ,-дейді авторлар. Олардың айтуынша, бұл агроөнеркәсіп кешеніне жаңа технологияларды енгізуді барынша жеделдететін болады. Аграрлық зерттеулер бизнестің қажеттіліктеріне тәуелді болмақ.

ҰЛАН ТӘЖІБАЕВ, «ҰЛТТЫҚ АГРАРЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫ» БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Былтыр бұл бағдарламаға 4 млрд-тан астам қаражат бағытталған болатын. Ал биыл болса, тағы 3,3  млрд теңге қосылып отыр. Ғылыми құрал-жабдықты сатып алуға 4,1 млрд теңге бөлінбек. Бұл қаражат техника мен жөндеу жұмыстарына бағытталады. Базалық қаржыландыру 2 есеге артты. Сол 3,3 млрд ғылыми зерттеулерге мемлекеттік тапсырыстарды арттыруға жұмсалады. 

Қазіргі таңда өңірлердегі ғылыми-зерттеу орталықтарында шаруалар оқытылуда. Олар жаңа технологиялардың көмегімен астық өнімділігін ұлғайтуға үйренеді. Сонымен қатар елде 60-тан астам модельдік ферма құрылмақ.  Мұндай фермалар өздерінің сәтті тәжірибе мен білімдерімен өзге шаруашылықтармен бөліседі.

БЕКЕТ ӘБІШЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ЖЕМІС-ЖИДЕК ӨНДІРУШІЛЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Өсімдік шаруашылығының арнайы ғылыми-өндірістік орталығы болады. Ол қазақстандық бизнесті ғана емес, трансұлттық компанияларды да біріктірмек. Мұндай компаниялар жергілікті ғалымдармен бірге жоғары сапалы өнім өндіруге қолдау көрсететін болады. Басты міндет – ішкі нарықты қамту. Алдағы уақытта өнімді Ресейге экспорттау мәселесі қарастырылуда. Бір сөзбен, жоспар ауқымды. 

Елбасы өзінің халыққа жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,5 есеге арттыруды тапсырған болатын. Мемлекеттік қолдау шаралары заманауи аграрлық технологияларды дамытуға жұмсалатын болады. Алдағы 3 жылда бұл іске жыл сайын 100 млрд теңгеден бөліне бастамақ.