Қазақстанға тартылған шетелдік инвестиция көлемі 15,4%-ға артты

Қазақстанға тартылған шетелдік инвестиция көлемі 15,4%-ға артты. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек хабарлағандай, бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша оның сомасы 12 млрд долларға жеткен. Министр елде трансұлттық компаниялардың қатысуымен 34 жоба жүзеге асырылуда дейді. Олардың жалпы сомасы 10 млрд доллардан асады. Германия, Нидерланд, Бельгия, Түркия, Қытай сынды елдердің инвесторлары біздің елде техникалық газ, сода, әктас, цемент өндіруге қызығушылық танытып отыр. Сондай-ақ картопты қайта өңдейді. Бір сөзбен, барлық салалар қамтылған.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІ:

 - Ұлттық банк мәліметі бойынша, 2005 жылдан бері тікелей шетелдік инвестиция көлемі 265 млрд долларға жеткен. Орталық Азияға бағытталатын тікелей шетелдік инвестицияның жалпы көлемінің  70 пайызы Қазақстанға тиесілі. Бұл көрсеткіш бойынша көш бастап тұрмыз. Осы мерзімде келген инвестицияның 50-55% - тау-кен өнеркәсібінің үлесінде. Ал 15% өңдеу өнеркәсібі мен өзге де салаларға тиіп отыр.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда инвестиция тарту үшін тиісті жағдай жасалуда. Заңнама жетілдірілуде, салық жүйесі, кедендік бақылау мен көші-қон–визалық режимі жеңілдетіліп отыр. Елімізге визасыз келетін елдердің саны артып отыр. Қазір мұндай  62 ел бар. Сондай-ақ тікелей инвестиция қорын құру көзделуде. Ол ірі инвестициялық жобаларды қолдаумен айналысады.