Автокөлік өндірісінің дамуы

Отандық автоөндірушілер үшін өнімдерін экспортқа шығаруда қолдау көрсетілмек. 2020-2024 жылдарға арналған индустрияландыру бағдарламасында жергілікті жерде жиналған көліктерді сыртқы нарыққа шығаруға демеу көрсету мәселесі қарастырылған. Бұл туралы «Қазавтоөнеркәсіп» одағының басқарма төрағасы Олег Алферов мәлім етті. Жалпы қазақстандық көлік өндірісінде 70 пайыздық өсім тіркелді. Жыл басынан бергі 9 айда елімізде 141 млрд теңгенің 22 709 автокөлігі шығарылыпты. Арасында жеңіл және жүк көліктері, автобустар бар. Айта кетерлігі, отандық өнімдерге ішкі нарықта сұраныс 60 пайызға артқан. Қазақстандықтар 9 айда 120 млрд теңгенің 20 мыңнан астам көлігін сатып алды. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда өсім – 70%. Ендігі меже – сыртқы нарықты игеріп, өз тұтынушысын табу.

ОЛЕГ АЛФЕРОВ, «ҚАЗАВТОӨНЕРКӘСІП» АСК ОДАҒЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - 2017 жылы отандық көліктердің экспортқа шығуында айтарлықтай алға жылжу байқалды. Өскемендік автомобиль зауыты Қытайға 1500-ден астам жол талғамайтын көлік жөнелтті. Олар сұранысқа ие болады. Көршілес елдер бағытында экспорттық белсенділікті жалғастыру үшін  экспорттық субсидия қажет.