Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауарайналым көлемі 60% асты

Қазақстан Әзербайжанға экспорт көлемін арттыра түсті. Ресми деректер бойынша, биылғы жылдың 9 айында экспортталған тауарлардың сомасы 134 миллион долларға жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 65,5%-ға артық. Жоғары көрсеткіштердің арқасында еліміз Әзербайжанның негізгі сауда серіктестерінің ондығына еніп отыр.

РАШАД ГАСАНОВ, ЭКОНОМИСТ:

 - Қазақстанмен арадағы тауар айналымы едәуір өскенін байқап отырмыз. Оның құрылымын қарайтын болсақ, Қазақстаннан жеткізілетін астық тасымалы 2 есе, ал теміржол құрал-жабдықтарының экспорты 5 есе артқан. Сонымен қатар Қазақстан мұнай битумының экспортын да 3 есе көбейткен. Ал Әзербайжан тарапы, мәселен, Қазақстанға электр кабельдерінің экспортын 8 есе ұлғайтса, еліміз Әзербайжаннан құбыр илемдерінің импортын өткен жылмен салыстырғанда 3 есе арттырған. 

Сонымен қатар қазақстандық күріштің экспорты да 3 есе өскен. Былтыр Әзербайжанға 2 мың тонна күріш жіберсек, биылғы 9 айда 7 мың тонна жөнелттік. Бұл осы санаттағы өнімдердің екіжақты тауар айналымы құрылымында рекордтық көрсеткіш. Сарапшылардың пікірінше, көлік-логистикалық мүмкіндіктердің жақсаруы екіжақты сауда-саттыққа оң әсерін тигізген.

АЛИ МАСИМОВ, ӘЗЕРБАЙЖАН ПАРЛАМЕНТІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Экономикалық қатынастарымызда көлік тораптарының маңызы зор. Соңғы жылдары екі елдің де көлік тораптарының дамуына үлкен көңіл бөлуі өз жемісін бере бастады. Жөнге салынған көлік дәлізі капитал қозғалысына жағдай жасайды. Осы тұрғыда Шығыс-Батыс дәлізі тауар айналымын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді. Қос елдің экономикалық қатынастарын ұлғайтуға ниетін ескерсек, бұл үрдіс келесі жылы да жалғасады. 

Сарапшыладың болжамы бойынша, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы биыл 200 миллион доллардан асады. Бірлесіп жүзеге асырған жобалар мен жеке меншік саладағы байланыстардың күшеюі өз нәтижесін беріп отыр. Қазақстандық мұнай тасымалының артуы және Каспий арқылы Қытайдан Еуропаға жүк айналымының өсуі осы үрдіске жаңа серпін беруі мүмкін.