Қазақстан Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша 59 орында

Қазақстан әлемнің 140 елі ішінде жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша 59 орынға тұрақтады. Бүкіләлемдік экономикалық форумның дәстүрлі есебінде, біздің еліміздің өткен жылғы позициясын сақтап қалғандығы айтылды. Ал көршілес Ресей ТМД елдерінің ішінде көш бастап тұр. Қазақстан рейтингте Әзербайжан, Грузия, Түркия және Бразилия секілді елдердің алдын орайды. Атап айтқанда, «тауарлар нарығы», «инфрақұрылым», «еңбек нарығы», «қаржы жүйесі», «сапа институты» секілді 50 айқындама бойынша оң нәтижелер аңғарылады. Бұл жылы елдер деңгейін бағалау жаңа әдіс бойынша жүзеге асырылды. Сарапшылар бірінші кезекте, сандық технологиялар мен инновация жаңалықтарының енгізілуіне басымдық берді.  

БАУЫРЖАН ТҰРЛЫБЕКОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІНІҢ ӨКІЛІ:

– Қазақстан әлем бойынша бірінші орынды иеленген айқындамалары да бар. Мәселен, акционерлер құқығын қорғау бойынша. Бұл – біздің еліміздегі инвестициялық ахуалдың, соңғы жылдары инвестиция тарту, бизнес үшін қолайлы жағдай қалыптастыру бағытында жасалып жатқан шаралардың нәтижесі. Егер инфрақұрылым туралы сөз етсек, мұнда бірінші орын елді электрофикациялау бойынша айқындалды. Қазақстан бұл рейтингте өзінің бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеді.