«Орталық – Шығыс» көлік дәлізінің құрылысы Қазақстанның 3 бірдей облысында жүргізілуде

Қазақстан халықаралық ірі көлік-транзиттік хаб ретінде өз позициясын бекіте түсуде. Елімізде теміржол, автожол инфрақұрылымдарын дамытуға басымдық беріліп келеді. Мәселен, Ақмола облысында автомагистальдарды қайта жаңарту жөніндегі жоба жүзеге асырылуда. Ол елорда мен шығыс өңірлерді байланыстыратын болады. «Орталық – Шығыс» көлік дәлізінің құрылысы Қазақстанның 3 бірдей облысында жүргізілуде.

ТАЛҒАТ СМАҒҰЛОВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ ҰК» АҚ-Ы АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Ақмола облысының шекарасындағы аталмыш жер 189 шақырымды құрайды. Ол 7 аумаққа бөлінген. Бүгінгі күні жолдың 139 шақырым бөлігі пайдалануға берілді. Енді 50 шақырым жол қалып отыр, оны келер жылы тапсырамыз.  

Павлодар облысында ұзындығы 905 шақырымға созылған көлік дәлізінің құрылысы аяқталып қалды. Жоба құны – 215 млрд теңге. Жолды толықтай келесі жылдың аяғында тапсыру жоспарланып отыр. Алайда осы жылы трассаның кей бөліктері тасымал үшін ашылатын болады.  

НҰРАЛЫ ТОЙЫМБЕТОВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ ҰК» АҚ-Ы ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Астана-Павлодар бойынша жалпы бізге 191 шақырым берілген. Осы жылы 30-шы шақырымда жұмыс аяқталады. 161-ші шақырымда қайта жалғасады. Біз қайта төселген жабынның үстінен тағы бір жүріп өтеміз. Екінші жолақ бойынша жекелеген аумақтарда жұмыстарымыз қалады.  

Еліміздің оңтүстігінде республикалық маңызы бар, жалпы құны 19 млрд теңге болатын 2 жол қайта жөндеуден өткізілетін болады. Қазақстан аумағы арқылы халықаралық бағыттағы 5 теміржол, 6 автомобиль жолдары өтеді. Олар Азия мен Еуропа елдерін байланыстырады. Сонымен қатар біздің еліміз арқылы маңызды көлік дәлізі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» өтіп жатыр. Оның қазақстандық бөлігі келер жылы толықтай аяқталады деп жоспарланып отыр.