Қазақстан-Қытай: «Жол картасын» құру

Қазақстан мен Қытай өзара тауар айналымын еселеуге ниетті. Бұл орайда агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуеті зор. Биылдың алғашқы жарты жылының қорытындысы бойынша, екіжақты ауылшаруашылығы өнімдерінің саудасы 237 миллион доллардан асып жығылыпты. Былтырдың дәл осы мерзімімен салыстырғанда, бұл көрсеткіштің 21%-ға артқаны байқалады.  2020 жылға дейін экономикалық алыс-берісті 20 миллиард долларға жеткізу межеленіп отыр. Жоспарға жету қамында тараптар бірлесіп «Жол картасын» құрмақ.

ӘСЕТ ИРҒАЛИЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

 - Аталмыш «Жол картасы» Қытай нарығына қазақстандық өнімді жеткізуде туындаған мәселелерді шешуге бағытталған. Осының арқасында тауар жөнелтуге қатысты барлық сұрақтар жедел шешімін табатын болады. Жақын арада «Жол картасы» отандық кәсіпкерлердің Қазақстанда жасаған өнімдерінің Қытай нарығына шығуының белсенділігін арттырады деп ойлаймыз.

Ресми Астана мен Пекин өзара транзиттік-логистикалық қарым-қатынастың әлеуетін асыру жағын да назардан тыс қалдырмай келеді. Аспан асты елінен Қазақстан арқылы тасымалданатын жүк былтыр 17 миллион тоннаға жеткен. Бұл «Нұрлы жол» бағдарламасының берген шарапаты дейді мамандар. Бұған Ляньюньганда Қазақстан мен Қытайдың бірлесе құрған логистикалық компаниясы да өз септігін тигізіп отыр. Терминал енді ашылған алғашқы жылдары Орталық Азияға күніне бір жүк поезді жөнелтілсе, қазір 2-3 темір жол құрамы жіберіледі екен. Осылайша елбасы жүктеген Қазақстанды Еуразияның негізгі транзиттік-логистикалық торапқа айналдыру жоспары сәтті жүзеге асып келеді. 

ДАРХАН ЕСЕНҒҰЛОВ, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТАСЫМАЛ БӨЛІМІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Елбасы Қазақстанды логистикалық хабқа айналдыру туралы берген  тапсырма орындалып жатыр. Ол – жай ғана қабылдау торабы емес, транзиттік дәліз. Бұған ұқсас Алтынкөл құрғақ портының жобасы да Ляньюньганмен тығыз байланысты.

Ляньюньган порты заманауи технологиялармен жарықтандырылып, ондағы логистикалық үрдістер әрдайым жетілдіріліп тұрады. Қазақстандық компаниялар тиелген әр контейнер мен терминалдағы мәліметтерді электронды өңдеу жүйесін ғаламтор арқылы қашықтықтан бақылай алады.

ЛЮ БИНЬ, ЛОГИСТИСТИКАЛЫҚ КОМПАНИЯНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазақстанда осындай жаңа жүйені ендіру жүк жеткізу уақытын қысқартып, логистикалық үрдістерді жүйелендіруге мүмкіндік береді. Бұл, сондай-ақ Қазақстанда жиналып қалған жүктерді азайтып, портқа дейін тасымалдау жұмыстарын жылдамдата түсті. Жаңа жүйе қазақстандық өндірушілер мен транзиттік компаниялар үшін аса тиімді. Ляньюньган ортақ портынан шығатын поездер Қазақстанның шекарасына дейін жетеді.

Терминал операторларының мамандары дәл осындай жүйені Қазақстандағы Жаңа Жібек жолы бойындағы негізгі тораптарда орнатуды жоспарлап отыр. Осылайша, болашақта Еуразиялық трансқұрлықтық транзиттік дәліздегі жүктерді бақылау мүмкіндігі тумақ. Еске салайық, бұрындары бұл жерден Еуропаның ірі қалаларымен байланысты тек теңіз жолдары қамтамасыз ететін еді. Енді балама жол табылды. Жаңа дәліз – Шығыс пен Батыс арасындағы көпір. Қазақстан арқылы Амстердамға жөнелтілетін жүк 2 аптада барады. Ал Тынық мұхиты арқылы оған 45 күн жүмсалады.  Жол мен уақыт машақатын шешетін бірегей бастама барлық жағынан тиімді, дейді сарапшылар.