Қазақстан-Египет: Алматыда медициналық препараттардың фармацевтикалық паркі құрылады

Қазақстан мен Египет іскерлерінің қатысуымен Алматыда медициналық препараттардың фармацевтикалық паркі құрылады. Аталған елдегі елшіміз Арман Исағалиевтің хабарлауынша, бірлескен инвестициялық жобаның құны – 25 миллион доллар. Заманауи фармацевтикалық парк қос мемлекетке аймақтағы жаңа нарықтарды бағындыруға жол ашады, дейді дипломат. Сондай-ақ, оның айтуынша, Қазақстан жақында Мысыр еліне бидай экспортын қайта жандандырмақ. Бүгіннің өзінде 10 миллион доллар сомаға келісімшарт жасалды. Дипломаттың мәлім етуінше, Египет тарапының өз аумағында Қазақстанның астық хабын құру жоспары бар. Бұл отандық бизнестің ондағы тендерлерге қатысуын жеңілдетеді. 

АРМАН ИСАҒАЛИЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕГИПЕТТЕГІ ЕЛШІСІ:

– Египеттің 100 миллион халқы бар. Бұл – әлемдегі ірі ипорттаушы елдердің бірі. Ол жылына 10-12 миллион тонна бидай импорттайды. Сондықтан біз үшін әлеуеті мол нарық. Мысыр тарапы бұл ретте Қазақстанды стратегиялық әріптес ретінде қарастырады. Сол себепті өз аумағында астық терминалын салуды ұсынып отыр.

Египет – Африка құрлығындағы Қазақстанның басты сауда әріптесі. Бидайдан өзге біздің еліміз Мысырға мұнай, мұнай өнімдерін және металл бұйымдарын экспорттайды. Импорт құрамында химия және фармацевтикалық өнімдер, киім-кешек, цитрус жемістері басым. Исағалиевтің пікірінше, биыл екіжақты байланыстар нығая түскен.

АРМАН ИСАҒАЛИЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕГИПЕТТЕГІ ЕЛШІСІ:

– 2017 жылы Қазақстан мен Мысыр арасында тауар айналымының көлемі 62,4 млн долларды құрады. Бұл – соңғы 5 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ 2018 жылдың алғашқы жарты жылында қос мемлекеттің тауар айналымы 63%-ға өсіп, 60,6 млн долларға жетті. Бұл 1 жылдық деңгейге тең.

Екі ел ынтымақтастығының тағы бір маңызды бағыты – туризм. Соңғы 2 жылда Мысыр еліне саяхаттаған қазақстандықтар саны 25 есе өсіп, 120 мың адамды құраған. Ресми мәліметке сәйкес, Египет курорттарында демалушылар саны жөнінен Қазақстан Украинадан кейінгі 2-ші орында келеді. Біздің тарап та мысырлық туристерді Ұлы дала еліне тарту шараларын жүргізуде. 2019 жылы Каирден Астана, Алматы және еліміздің өзге қалаларына чартерлік рейстер ашу жөніндегі келісімдерге қол жеткізілген.