Қазақстандық туроператорлар халықаралық «CITM Travel Mart-2019» көрмесіне қатысты

Қазақстандық туроператорлар халықаралық «CITM Travel Mart-2019» көрмесіне қатысты

15-17 қараша аралығында Қытайдың Куньминь қаласында өткен халықаралық CITM Travel Mart-2019 көрмесінде қазақстандық туроператорлар өздерінің ең үздік тур бағдарламаларын ұсынды.

Қытай нарығымен жұмыс тәжірибесі бар туроператорлар қытайлық туристердің қызығушылығын арттыру мақсатында екі ел арасында туризм саласындағы серіктестікті одан әрі нығайтты, деп хабарлайды Kazakh TV.

Көрмеде арнайы жасақталған қазақстандық стендтің жалпы аумағы 10 кв.м-ге дейін жетті. Онда отандық 9 тур компаниясы еліміздің туристік әлеуетін таныстырды.

«CITM Travel Mart-2019» бағдарламасы аясында 100 елден келген 50 мыңға жуық туристік компаниялардың екіжақты кездесулері ұйымдастырылды. Биыл аталған салалық көрме елдер арасындағы мәдени бірлестік пен туризмге ерекше көңіл бөлді.

«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан стенді тұжырымдамасын алтын түсті етіп жасаған.

Онда еліміздің қысқы туризм мүмкіндіктері де тыс қалмады. Сондай-ақ қазақстандық делегация ұлттық мәдениетімізді де паш етуді мақсат еткен. Еліміздің стенді алдында саз-балшықтан музыкалық аспаптар жасау үшін «Tuny sazsyrnay» (әуезді сазсырнай) шеберлік-сағаты өтті. Ал қатысушы қонақтар сазсырнайда ойнауды үйреніп, ұлттық асымыздан дәм татты.

Айта кетейік, China International Travel Mart – 1998 жылы бастау алған ауқымды халықаралық кәсіби көрме. Көрме бүгінде Қытайдың туристік индустриясының қозғаушы күші болып табылады. Елдер арасында жүргізілген нәтижелі келіссөздер негізінде 20 жыл ішінде CITM  Азия-Тынық мұхит аймағындағы танымал туристік жәрмеңкеге айналып, әлем елдері үшін туристік әлеуетін таныстыруға мүмкіндік беретін ортақ алаң және туризм саласындағы  ішкі және халықаралық серіктестікті дамытуға зор мүмкіндік беретін көрмеге айналды.