Италиялық сән маманы: Өзгелерге ұқсауға тырысудың қажеті жоқ

Италиялық сән маманы: Өзгелерге ұқсауға тырысудың қажеті жоқ

Италиялық SEO сән институты қазақстандық дизайнерлерге ұлттық бірегейлікке назар аударуды ұсынады.

Никколо Сбаралья Polimoda (Италия) институтынан. Италиялық сән өкілі біздің тілшімізге берген сұхбатында еуропалық нарықты бағындыру үшін қазақстандық дизайнерлерге өзін қалай дамыту керектігі жөнінде кеңесін айтып, пікірімен бөлісті.

«Қазіргі уақытта Қазақстан жеңіл өнеркәсіпте, оның ішінде сән саласында өте қарқынды дамып келеді және бәсекеге қабілетті елге айналуда. Өз өндірісін айтарлықтай дамытып жатқан жаңа дизайнерлер пайда болуда, әрине, бұл өте маңызды. Италия үшін Қазақстан стратегиялық маңызды әріптес болып табылады. Қазақстандық дизайнерлерге өз бірегейлігін ұстануға, мәдениетіндегі, менталитетіндегі өзіндік, ұлттық дүниелерді іздеуге, оны дамытып, өзгелерге көрсетуге кеңес бергім келеді. Басқалармен теңесуге, өзгелерге ұқсауға тырысудың қажеті жоқ. Ол ешкімге қызық емес. Бұл – Қазақстанның ерекшелігі мен бірегейлігі», - деді италиялық Polimoda институты бизнес департаментінің басшысы.

Никколо Сбарралия бұны дұрыс стратегия деп санайды. Ол өзге елдерге саяхат кезінде Еуропадан өзгеше дүние іздейді.

«Мен қазақтың қайталанбас ерекшелігімен жасалған өнім өзінің тұтынушысын табатынына 100% сенімдімін. Мысалы, мен Нұр-Сұлтан қаласында түскі асқа бардым, маған паста мен пицца ұсынды. Мен Италиядан келдім, маған паста мен пиццаның не керегі бар? Қазақстанның стратегиялық географиялық жағдайы өте қолайлы, сіздің еліңіз Шығыстан Батысқа қарай орналасқан, яғни мәдени тұрғыдан қызықты. Сіз өзіндік делдал ретінде Шығыспен де, Батыспен де қалай сөйлесуді білесіз. Сіздерде, сондай-ақ қолөнер, кесте тігу дәстүрі бар, мұның бәрі Италияда өте жоғары бағаланады. Қол еңбегі тігін фабрикасынан, масс-маркет-тен жоғары бағаланады», - деп сөзін жалғастырды италиялық сән өкілі.

Polimoda киім дизайн институты – әлемнің басты fashion-мектептерінің бірі. Бүгінде оны Salvatore Ferragamo сән үйінің басшысы Ферруччо Феррагамо басқарады. Ұзақ уақыт бойы Никколо Сбаралья сән индустриясында сапа бақылаушысы болып қызмет атқарған, сонымен қатар Gucci, Alexandr McQueen, Yves Saint Laurent сияқты танымал брендтермен жұмыс істеген. Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі кәсіпорындарының «Altyn Oimaq» форум-көрмесі аясында Никколо панельді сессияда Gucci брендінің былғары күртешесінің басқа да өндірістерден қандай айырмашылығы бар екенін көрсетті.

«Жас дизайнерлерге кеңесім – өзге елдің мәдениетін тану үшін мүмкіндігінше жиі саяхаттау керек. Екінші – көбірек оқу, өз еліңнің, сондай-ақ басқа да елдердің тарихын, мәдениетін зерттеу қажет. Біз (әлем дизайнерлері - автордың түсініктемесі) көптеген стандартты, жаппай өнімді жасадық, енді ол ешкімді қызықтырмайды. Егер жас дизайнер өнім сапасына қол жеткізе алса, ерекше дизайнды ұсына алады, бұл – табыстың кепілі. Көбісі сән саласын тек сәнді көрсетілімдер мен шоу деп ойлайды, бірақ шын мәнінде мұның артында үлкен еңбек жатыр», - деді Polimoda институты бизнес департаментінің басшысы Никколо Сбаралья.